Жақсылық Қазымұратұлы. «Әпке» (жыр жинағы)
Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ
Әпке
(жыр жинақ)
Бақыт жыры
Енді маған дүние туыс дәйім,
Бақытымды құшайын, уыстайын.
Құлағыңа сырымды сыбырлайын,
Ай астында мүлгіген күміс қайың.
Уыз шаттық ұйыды ұртқа бірден,
(Ұмыт енді қайғыны құлыпта мүлдем).
Ақ жауын боп төбемнен сібірлеп тұр,
Менің аппақ арманым бұлтқа мінген.
Жұрт аңырап таба алмай сенер себеп,
Маңдайымнан сүйеді жел еркелеп.
Табаныма төсейді жапырағын,
Есі шығып шулаған емен, терек.
Қосып бір сәт уақыттың көшіне дем,
Жыр өргіздім даламның төсіне кең.
Шын бақыттың дұғасын күбірледім,
Дүниеге дем салып есінеген.
Көзден қуып қайғының нұрын шаңыт,
Кісінейді кеудемде құлын – шабыт.
Сүю жайлы ақ жарма сыр айтайын,
Былдырлаған бұлақтың тілін тауып.
Жаратылған сезіммен мүлдем ардан,
Көңілімде қуаныш бүрлер алуан.
Бақытымның шырынын бөліп берем,
Көбелекті ұстап ап гүлге қонған.
Түсінбеймін себебін өзім де ешбір,
Өтті қанша үдеріп көз ілмес түн.
Алматыға сен қайтып келген күні,
Дәл осындай алапат сезім кештім…
Түсінбеймін себебін өзім де ешбір…
Туған далаға хат
Ат басын ақ сапарлы жолға бұрып,
Аттансаң қолтығыңнан қолдар үміт.
Кең дала көз алдыңда дөңгеленер,
Жортқанда бұйра құмда жорға мініп.
Атар күн аймаласа жүзін қырдың,
Оянар жүрегімнен үзім бір жыр.
Жетелер сағынышқа арманыңды,
Кірпігін күн қақтаған қызыл жыңғыл.
Көп ойлар көңіліме салады ақ таң,
Желдіртсем ен даланы аралап паң.
Тұрлаусыз дүниені ойға оралтар,
Шар қаңбақ жел ұшырып бара жатқан.
Елітіп мейірімге қанық көктем,
Самал жел сүйеді еппен танып беттен.
Түбінде тораңғының тұр үйездеп,
Қиялым кең далаға маңып кеткен.
Туған жер – таусылмас жыр, таусылмас ән,
Сен десе бәсеңдеген даусым қашан.
Кеудемнен қайыру бермей қашқан өлең,
Құланның қағын иіскеп мауқын басар.
Тірлігім құйқылжытып сазын алуан,
Жолығар күлім қағып жазым алдан.
Әзірге жан серігім ащы жырым,
Түбінен боз жусанның қазып алған.
Өртеніп ғазез жаным отқа небір,
Несіне жабырқайды жоққа көңіл.
Даламнан тағы мені барады алып,
Анамның тағдырындай соқпақ өмір.
Бала күннен бір өлең
Айналып бір соғар ма ең, бозбала күн,
Сейіліп кеудемдегі қоздаған мұң.
Кешқұрым самал соқса сайды құлдап,
Еркелеп, басын изеп қозғалар гүл.
Шұбалып шың басына шөккен бұлт,
Секілді жортуылдан жеткен күлік.
Аяңдап қия жолда келе жатыр,
Қапайлап шу асауды кеткен жігіт.
Дариға-ай, бұдан асқан бар ма мұрат,
Ағады тастан құлап жорға бұлақ.
Кеш болса қызу тірлік ауыл үсті,
Төңірек ұлар да шу, мал маңырап.
Сезінсең бір ғаламат дала сыйын,
Түлікке малшы ауылдың баласы үйір.
Аңқиды желібаудан сүттің иісі,
Емініп исінгенде мама сиыр.
Ой сергек, саумал кеште еңсең жеңіл,
Ғажап сыр жайлау түні шертер небір.
Бастыққан құба құнан бала арманы,
«Тиер ме тақымыма ертең менің?».
Алыста, ай астында құртқа ұлып,
Қораны жүр айналып құтпан үріп…
Бозбала көзі ілінсе түс көреді,
Кетеді таудан асып бұлтқа мініп.
…Қажытқан айыға алмай ауыр ойдан,
Дәл қазір тәнім дел-сал, жаным ойран.
Бір дәурен мен де өтті қамсыз-мұңсыз,
Секілді анам ұйытқан бауыр айран.
Қараша сапары
Қайтқан құстар қағады қанатын жай,
Дүбірлейді, дүрлігіп дала тынбай.
Елегізіп келемін, дене қызып,
Қарсы алдымнан сен күтіп алатындай.
Қала міне, сабылған күнделікті ел,
(Күмілжумен жүремін күрмеліп мен).
Тұрағыңды айтардай түнде келіп,
Құлағыма күбірлеп бір көріпкел.
Арман жебеп жанымды асқақ тұнық,
Жолға шықсам жүйрік ат баптап мініп.
Жолымды ашып жіберсе жортар түні,
От айналып бақсылар сақ-сақ күліп.
Ай алқалы аруым, күн сырғалы,
Құлазыған көңілге күлкің дәрі.
Тұман басқан жолдармен жөнелсем бір,
Арғымақтың астымда сусып жалы.
Ұрасы көп жолдардан жырасы көп,
Аман өтсем түндерде қара түнек.
Қыр басында көк бөрі ұлып қалса,
Сапарыма тәңірден дұға тілеп.
Күзгі шықтай мөлдіреп жерге сіңген,
Кетсем кезіп таулардың кеудесін кең.
Қарашада аттансам бір сапарға,
Келерім де белгісіз, келмесім де…
Түнгі жаңбыр
Шөккен күн көтере алмай мүрдеңді ауыр,
Айнала қазып жатыр түннен қабір.
Сатырлап қара кеште қара аспаннан,
Адасып мынау қайдан жүрген жаңбыр?!
Жүрісі хабар берген бір кесірден,
(Қарасаң, жаңыласың мүлде есіңнен).
Сабалап қардың бетін бара жатыр,
Ауылдың тиген жаудай іргесінен.
Жұт дермін, апат дермін, бәле дермін,
(Қайтемін, басылмаса ал егер бұл?)
Жауынға әлденені күбірлейді,
Бұтағы діріл қағып кәрі еменнің.
Өзгеріп сала берді бірдемде өмір,
Жан бітіп, нөсер алды түрленді өңір.
Адасқан жауынға еріп «кетем» дейді,
Алқынып, алақызып жүрген көңіл.
Айтасың қандай ақыл енді ағайын,
(Іс болсын, әйтеуір, түбі елге қайыр).
Жетіңдер көктемге ұшып үміттерім,
Ішінде қара түннің мен қалайын.
Апыр-ау, тағы ненің төркіні бұл,
Көңілдің басылмады-ау өрті, құрғыр.
Адасып, мынау қайдан жүрген жаңбыр,
Түн қатып аттарындай жортуылдың.
Көңіл
Көз салып сағым жортқан қырға байсал,
Кеудесі зарға толып жырлап айтар.
Жүрегін мұң кемірген мен бейбаққа,
Төбемнен ұшқан тырна бір қарай сал.
Жатсын ба, туысыңмын, жақын бауыр.
Сезе алсаң сағыныш бар басымда ауыр.
Күз келсе көкірегін күйік жайлап,
Осылай ауырамыз ақын қауым.
Боз жусан оянғанда басын сілкіп,
Төгілер мөлдір өлең асыл, шіркін.
Біз кейде жапыраққа жоқтау айтып,
Жүректің отырамыз жасын сүртіп.
Жолығар бізге де әлі нелер қоныс,
Ашылар алдан талай өлеңге өріс.
Айтайын тағы біраз жан сырымды,
Жақын кел, кәне, бері төмендеп ұш.
Үзіліп бір кездері күзден хабар,
Сойдақтап соңымызда іздер қалар.
Ақынның жүрек сырын ақтаратын,
Осы өлең аман болсын бізден де адал.
Кеш батып, күреңіткен ен дала бұл,
Еншімнен мен емеспін кем қалар ұл.
Жай ғана көңіл босап кеткені ғой,
Түк етпес, ешкімге айтпа, сен ғана біл
Ей, тырна!
Тамшы мұңы
Шарқ ұрып, көкіректе шағала жыр,
Санамды жарқыратып самала нұр.
Отырмын жауған күнге құлақ түріп,
Құлаған тамшыларды санап әрбір.
Сұрамас жайын оның елеп ешкім,
Қайыр жоқ, бұдан да рас келер ешбір.
Тебініп қара жерді төпештейсің,
Ей, тамшы, не айтпақсың, не демексің?!
Бұл өмір менен де өтер, сенен де өтер,
Қайда бар дейсің қарғам, кемел мекен?!
Меңзейсің әлденені мылқау тамшы,
Ағызып ағыл-тегіл төбемнен сел.
Алқынып тарпаң арман кеудемде ұлып,
Талпынып көкжиекте тербелді үміт.
Барады жүрегімді шытынатып,
Түнеріп төбемнен келіп төнген бұлт.
Деуші едім «бұл тірлікті кештім ұлық»,
Көрмеп ем қиын сәтте еш бүгіліп.
Жүзінен наркескеннің тамған қандай,
Жанардан жалғыз тамшы кетті үзіліп.
Жалғанда дүрмекке ермей шұбырған құр,
Жылыттым жүрекке орап жырымды әр күн.
«Қозғадың қатып қалған іштің дертін»
Сүйекті сырқыратып суық жаңбыр.
Күн қайда, жолым даңғыл, көшем жарық,
Нелер сәт басымыздан өтер ғарып.
Құдай-ау, сағыныштан өлсін дей ме?
Жауын тұр, еш басылмай төпеп жауып.
Күз түні
Оранып жылымыққа өскен шыбық,
Мұздайды ерке көктем естен шығып.
Қабыршық мұз қалдырды көл бетіне,
Жорғалап қара түнде көшкен суық.
Үздігіп үзбегенмен аңсап күтер,
Жаз таңы жас қайыңнан алшақ түнер.
Тоғайға тұнған шықты кептіріп жүр,
Қыдырып өрлі-қырлы салт атты жел.
Қара жел сайдан өрлеп құлаш ұрып,
(Ажалға жасайтындай бір асылық).
Естіртпей еш пендеге байғұз үнін,
Алысқа айдап кетті қыр асырып.
Қынжылып, қимайтұғын досы бар ма?!
Қайырылып қайта келді сосын ол да.
Көшке ерген жапырақты үркітіп жүр,
Қалдырып кетпек пе екен осы маңға.
Алыстап қара түннен қырға қонған,
Жылыстап, жол аяңдап жылға жоннан.
Жел кетті жар жағалап жалғыз өзі,
Өмірден іздей ме екен ол да қорған?
Дегендей мен баратын бар ма тұрақ,
Келеді күреңітіп таңғы атырап.
Бауырын қара жерден көтере алмай,
Өкініп, өксіді үнсіз сары жапырақ.
Санамнан айықтырып түнекті шын,
Сен қашан ораласың тілек құсым?!
Сары жапырақ дегенім – сағыныш қой,
Шым еттің неге тосын, жүрек тұсым?
Білмеймін…
Бір шумақ өлең
Жалған сөйлеп көрмеген маған ешбір,
Жаңғырады беймезгіл санада ескі үн.
Өткен өмір қасымда қалғып отыр,
Қамытына оранып қара кештің.
Алқынады кеудемде жүрек абат,
(Қадамымды басқамын білем ағат).
Түні бойы бір елес тыным бермей,
Тереземнен тұрады күле қарап.
Қандай мұңлы мынау түн, қандай ғаріп,
(Жаңылысып тағдырды жарға айдадық).
Бір қыз жайлы айтады маған келіп,
Жетімек жел жүгірген талды айналып.
Өткенді ойлау, апыр-ау, неткен ауыр,
Сүйек қақсап, езілді өкпе-бауыр.
Жүрегімде тұр әлі дүрсіл қағып,
Алматыны қия алмай кеткен ару.
Өтті, кетті ол шақтар басымнан дүр.
…Қалмайтұғын сол ару қасымнан бір,
Көктем сайын қыдырып жүретінбіз,
Көре қалсақ қуанып ашылған гүл.
Көз алдымда көлбеңдеп сиқыр жарық,
Беймаза түн ұрлады ұйқымды анық.
Жырға бөлеп құшағын Алматының,
Құс келгенде қуанып қиқуладық.
Бітпесе де тірліктің жарығы шын,
(Бәрін сезіп тұр енді танып ішім).
Алматыдан сол ару кеткен шығар,
Өлең болып бір шумақ қалу үшін.
Алматының жауыны
Көтеріп ауыр ойдан еңсемді анық,
Өлеңмен үміт отын берсем жағып.
Түсірді сені есіме, неге есіме?
Жылаған аспан анау, кемсең қағып.
Жүрегім айықпады-ау жегі мұңнан,
(Демеймін жан сырымды кел, ұғыңдар).
Келеді ағыл-тегіл ақтарылғым,
Білмеймін, жауын көрсем не жыным бар?
Тіршілік осы екен ғой бес күн дүрмек,
Кәне айтшы, қай байлауын шештің күрмек.
Жүгірдім жауын асты жан ұшырып,
Жол іздеп Алматыдан ешкім жүрмес.
Басылып тамырда ыстық қан шарпуың,
Жақсы еді алақызбай алсам тыным.
Айта алмай әлденені қыстығамын,
Көзіне қимай қарап әр тамшының.
Өзіңсіз келер әлі қанша көктем,
(Араны уақыт емес, алшақ еткен).
Не айтам жауынына Алматының,
Тұсынан жүрегімнің ән салып өткен.
Алаң
Күндер өтіп, «өмір заңын біл» деумен,
Түзге жортып, тарта алмадым тың керуен.
Қасіреттен қақырады жүрегім,
Тұман мұңға тұмшаланып шың кеудем.
Өртке кетіп көңілімнің орманы,
Сорқұдыққа сан қонармын сорға әлі.
Өзімді өзім шашқым келді оңды-сол.
Ол да бірақ болмады.
Санама өрнек салып алуан зергер күн,
Жүйке жүгім ауырлады шерден зіл.
Кеселерге құйып ішіп мұңымды,
Көшелерде сенделдім.
Түнге сіңіп ақырғы дем, ақырғы үн,
Жалғыздыққа тұтқындалған басым бұл.
Жанарымда табы көлбеп қайғының,
Езуіме жалған күлкі шақырдым.
Сезе алмадым жастығымның шағын бал,
Таңдайыма құя алмады таңым нәр.
Өмір болып жарытпасаң, ей, тағдыр,
Өлім болып жанымды ал.
Жаздым жыр
(ән сөзі)
Әні Ерзат Қадылханұлынікі
Жанарыңда тұра бермес күлкі ұдай,
Жастық мезгіл жанған жалғыз шырпы жай.
Таңқурайдай тәтті шағың тым қысқа,
Қайырылмайды-ай, қырдан қашқан жылқыдай.
Жанымды езіп, сағындырды саз күмбір.
Алыс жақтан қаңқылдады қаз құрғұр…
Сен бәрібір түсінбейсің, қарғам-ай,
Мен тағы да жаздым жыр…
Сен де өтерсің, ашыла алмай көңіл кір,
Мен де өтермін, басыла алмай шөлім бір,
Болашаққа сыр айтады біз жайлы,
Көкірегімді жарып шыққан өрім жыр.
Өткен жыл
Қалықтап көңілімде ақ қанат жыр,
Лаулады жастық дәурен жаққан от бұл.
Алқынып, дүбіріне дүбір қостым,
Шаң үзіп аламанда шапқан аттың.
Тұратын даусы естіліп қиыр қырдан,
Бәрі есте, сауық-сайран, жиын, думан.
Бір кезде сағыныш болып ораларсың,
Құйғытып өте шыққан құйын жылдар.
Ілсем деп биіктерге шырақ әр күн,
Басына шықтым қанша мұнараның.
Сезініп туған дала күрсінісін,
Шық болып жанарына тұна қалдым.
Ширығып, байламға да келмей ешбір,
Толқыдым, аласұрып желдей естім.
Сіміріп күзгі ауадан жусан иісін,
Сағынбас Жоңғар төсін мендей ешкім.
Демесіп қолтығымнан дос тілектер,
Қаншама ағынды асау кештім өткел.
Шынықсам толқыныңда жағаласып,
Жастығым, өзіңе жоқ ешбір өкпем.
Жүзінен байқалатын бір мырзалық,
Таңы бұл алабұртқан күздің жарық.
Тәңірім ғұмыр сыйлар тағы қандай,
Тәуекел, жолға шықтым тізгін қағып.
Ақ қардағы ақ тілек
Тізгіндеп, тағдыр дейтін тор құрылған,
Жолыңда қанша сезім болды құрбан.
Абайсыз тағы бізді жолықтырды,
Адасып, Алматыда жол қыдырған.
Кеш батып, кермиық күн ауып қырдан,
Қалада басылған шақ сауық-думан.
Жарқ еткен жанарыңды қалдым көріп,
Ұлпа қар арасынан жауып тұрған.
Дәл бұған сезім бар ма тең келер шын?
(Қайтейін, өмір бөлек берген енші).
Жандырып жанымызды жалқы сезім,
Жанасып өте шықтық көрмегенсіп.
Қайырылып қанатынан талмас үміт,
Жан сезім қара түнге қалды асылып.
Алдымда жалған дүние сөніп-жанып,
Қара үзіп бара жаттың қарға сіңіп.
Мың алғыс, кезіктірген іңірге бұл,
Сені ойлап өтер әлі күнім небір.
Алдыңнан қардай бақыт жолықсын деп,
Жүректен тілек тілеп күбірледім.
Сен маған жолыққанда…
Аяусыз тас топшымды жартасқа ұрып,
Жырыма жабамын деп гүлден кежім.
Шақырып, қолын бұлғап алшақта үміт,
Қаңғырып қарашада жүрген кезім.
Сыздатып жүрегімді кеміріп мұң,
Кеудемде күңіреніп көшкін құлап.
Ол менің жүрген шағым желігіп дүр.
Ащы өлең өзегімде өкіп жылап.
Зар толғап, азан-қазан көкірегім,
Өрт сезім тамырымда салды қырғын.
Мен онда майханада отыр едім,
Шараппен басын сүйеп тағдырымның.
Айдай боп ақша жүзің жаңа туған,
Сен келдің наз күлкіңнен көктем аңқып.
Жел есіп, жер сілкінер қанатымнан.
Мен жүрмін содан бері көкте қалқып.
Торыған көк бөрідей жолын қатер,
Жолығар алдан талай құйын дауыл.
Ал, кәне, тәуекел деп қолыңды әкел,
Көрерміз тәңірімнің бұйырғанын.
….
Қара бұлттың от тіліп омырауын,
Нөсер құйса Жоңғардың жонына бір.
Қоңыр кеште бұйығып ойға батар,
Дөң астында отырған қоңыр ауыл.
Қоңыр ауыл Құдайдан тілер нені?
(Селт еткізбес аспанның түнергені).
Маза таппай суықта кісінейді,
Қаракер ат ширығып шідерлеулі.
Елегізіп суытпай күні-түні бой,
Тұншықтырып барады тынысымды ой.
Тыпыршыған шашасын шыққа малып,
Қаракер ат – ол менің үмітім ғой.
Есіме алдым, Құдай-ау, оны қайдан,
(Егілем ғой көңілім болып ойран).
Күзгі аспандай көңілшек тағдырым-ай,
Қоңыр ауыл секілді қоңырайған.
Серт
(Ағам Бекболатқа)
Қомданып қыранындай құстың асыл,
Осқылап жүрегіңді ұшқын жасын.
Есімде, аттанғаның туған жерден,
Қайбір жыл, күздің соңы, қыстың басы.
Құм көшіп, құйын жортып кең даладан,
Шақ еді ол, Жоңғар төсін жел бораған.
Жетелеп күнбатысқа алып кетті,
Жалғыз жол құм ішінде жорғалаған.
Жорға жол алып шығып құм ішінен,
Тірлікке жолықтырды тынысы кең.
Алатау белдеуіне ат байладың,
Аймалап Атажұрттың күні шүлен.
Жүрегін қайғы мүжіп құмда кермек,
Бала едім, жыр жазуды қылған ермек.
«Ақынның мықтылары Алматыда»,
Хат жаздың маған «інім, мұнда кел» деп.
Содан соң жанымды ыстық өртеп үміт.
Аттандым, ерттеп мініп серке күлік,
Кеудемнен тұнба жырым тасқындады,
Көргенде мынау ғажап өлкені құт.
Өмірге өлең құнын келген жоқтап,
Салады нағыз ақын өрден соқпақ.
Атойлап топқа кіріп дабыл қақтым,
Сауырынан сал күреңнің тер моншақтап.
Бұйырып таңнан нәсіп, кештен сарқыт,
Самалға кеуде кердік ескен шалқып.
Келеміз белден асып, белге ұмтылып,
Айылын кербестінің төстен тартып.
Бұлақтай жақпар құзды жарып аққан,
Ақ тұма сезім сыйлар жаныма ақ таң.
Жан аға, екеумізде арман бар ма?!
Ала алсақ Атажұрттың дәмін ақтап…
Құлпытас
(Айдос пен Ақжолдың рухына)
Көктен құлап қос жұлдыз жерге сіңіп,
Кебін киіп кері қайтты келмес үміт.
Азаматтар құлады қазанаттан,
Тебінгісі үлгермей терге шіріп.
Қу темір боп сұм ажал құрдың қақпан,
Қайғың қалды жанды езіп, мың бір батпан.
Жазығы не, құдай-ау, бозбаланың,
Әжіміне жұтылар жылдың қатпар.
Кеудесіне арманы тұнып тұнық,
Ерлер еді жортатын күлік мініп.
Жүрегіме у құйды арман дүние,
Қоңыраулаған күлкімді құмықтырып.
Бастан ауып тіршілік, пырақ құйын,
Жоқтап жатыр ағайын, жылап дұйым.
Домбыраның ішегі кетті үзіліп,
Оң бұраудың келтірмей құлақ күйін.
Алдамшы өмір талайдан бәстен қалған,
Сабыр берсін қиналған сәттерде Аллам.
Тым құрыса көктемді көре алмады-ау,
Қыршынынан қиылған, әттең, қарғам.
Өшірді өлім сенімнің шамын жаққан.
Күлге айналды гүл көктем шағың мақпал.
Тағы кімнің есігін қағар екен,
Сүйретіліп қайтқан жол қабір жақтан.
Әкеме хат
Әке,
Жыл аунады, не қалды ескі өмірден,
Оралмайды ештеңе еске бірден.
Наурызға бет бұрды жүрдек уақыт,
Торжорғадай анашым көшке мінген.
Сіз дегенде самғайды құсым-шабыт,
(Ақ көңілдің баспасын мысын – шаңыт)
Жамыратып қойыңды жүрсің бе аман?
Мың саулықтың жаңылмай түсін танып.
Көктем иісі жұпардай бұл шақта аңқып,
Жоңғар төсі жатыр ма жусап, балқып.
«Қыстың соңы қаталдау болады» дей ме,
Қыр астынан туған ай шалқақ тартып.
Туласа да өртеніп жүрек оттай,
Тәуір болмас, сәуірге иек артпай.
Тынысы кең тіршілік келер енді,
Құм ішінен кісінеп күрең аттай.
Алақайлап сол көктем жетсе бір күн,
Үні естіліп құстардың көкте күмбір.
Кірпігіме ілініп тұрған өлең,
Бүртігінде бүр жарар сексеуілдің.
Ағыта алмай көмейден жыр бүлкілін,
Сырғиды үнсіз шұбалып сылбыр түнім.
Өткен шағын еске алып ұлың отыр.
Көктем таңын сағынып Жырғылтының.
Күзгі жыр
Әуендей тамылжытып таңнан салған,
Тәтті үміт – кеудемдегі жанған шам дәл.
Сүрінген жүйрік аттың тізгініндей,
Барады қолдан сусып алдамшы арман.
Тұншығып көмейімде жарық, нұрлы үн,
Кеудемді тырмалайды тамұқ бір мұң.
Үзілген жапырақтың сусылынан,
Жеткенін қара күздің танып-білдім.
Өксідім… жыламадым, жанар құрғақ,
(Қолымды қайтқан құсқа қалам бұлғап).
Алқынып, қара түнге кетті сіңіп,
Қаңқылы қайтқан қаздың санамды улап.
Әуелден бір құдірет құсқа дарып,
Талықпай туған жерге ұшқан арып.
Мойнына тұмар тағып жіберсем бе,
Тізіліп қайтқан құсты ұстап алып.
Қырандай айналаны барлай шалып,
Тереңге тебіреніп бойлар шабыт.
Біз жақтан қайтқан құсты көрер ме екен?
Жоңғарда жүрген бала қой қайтарып.
Ал бізде зарық бөтен, аңсар бөтен,
Қанша адам қайтқан қазға тамсанды екен?
Жанымды Алматының күзіне орап,
Жалғаннан арашалап қалсам ба екен?!
Шайырға ода
(М. Шаймаранға)
Шұлғиды сәйгүлігің мінген шұбар,
Туласа тақымыңда жыр көкпары.
Жылытып жүрегіңді жүрген шығар,
Жоңғардың жанған ғажап түнгі оттары.
Шетендей тұлғаң шыңда тұрған өніп,
Гулеген ойың – көрік, сертің – жалын.
Жортасың түн құшағын жырға көміп,
Жарқылдап ай астында ер тұрманың.
Талпынып бір арманға тербер алдан,
Сыр түйіп, сырлы, мұңлы тұнжыр кештен.
Аттандың, сонау жылы ен даладан,
Тізгіндеп отыз бесті үлгерместен.
Қоштасты жыңғыл басын бұлғып қана,
Жөнелдің Алатаудан қарғып асып.
Алдыңда Алматыдай жұмбақ қала,
Артыңда жел кеулеген қалды лашық.
Бұрқанып, толқын өмір жалқынданып,
(Сан мәрте бұл өлкеде болар дүбір).
Апарар алыстарға даңқыңды алып,
Жоңғарға тамыр тартқан қораңғы жыр.
Түйедей шыдамдысыз шөлге берік,
Аппақ нұр самайыңды шалса да ақық.
Дүние барады өтіп дөңгеленіп,
Сексеуіл төзіміңді балталатып.
Ақынға танытпадың тұнық кеспір,
Тіршілік секем алдың мұнша неден,
Қырпулы қырқасында қырық бестің,
Бусанып бұрқырайды жусан өлең.
Қарлықпай жастық әнін айта алар кім?
Құмығар жылдар өтіп, үнің талып.
Қайырылып өте шықшы қайтадан бір,
Тұсынан жиырма бестің дүбір салып.
Қараша зары
Адасқан қаз қанатын қусырған құр,
Қарашаны жетелеп қайда апарад,
Секілденіп ап-ащы бір шумақ жыр,
Кетті өкініш жанды өртеп, бойға тарап.
Ақтарып ем өлеңмен далама сыр,
Мұң тербеді даусымнан төсіңде асқақ.
Белден асып қараша бара жатыр,
Адасқан қаз ауылдың көшін бастап.
Күрсінесің, қараша, демің суық,
Қайталайды қайғыңды дала тынбай.
Қайырыласың біздерге кері ұмтылып,
Арашалап тағдырдан алатындай.
Кімге нені қарғамай айтам налып,
Көңіліме салады түндер өрнек.
Келгеніңше қараша қайта айналып,
Жүрегімді жүрермін жырмен емдеп.
Басымыздан баянсыз кетер өтіп,
Талай алдап, тіршілік, талай арбап.
Буынымды алайын бекем етіп,
Кідіре тұр, қараша, сәл аялдап.
Желтоқсан
Жыр бастайтын кез емес желпіне кеп,
Қаламыма тәңірім, берші медет.
Өлеңімнен аңқиды қанның иісі,
Желтоқсанның жаза алмай дертін емдеп.
Көрінбейді айнала мұнар тұман,
Түн келеді түнеріп күн артынан.
Қара кеште қыңсылап қабаған жел,
Көшелерді кезеді мұң аңқыған.
Желтоқсанда атпайды жадырап таң,
Қабағына жүректің қаны қатқан.
Оянады дүрлігіп мың сан аруақ,
Ұлар да шу «ұрандап», салып аттан.
Алабұрттым, мұздадым, құштым жалын,
Батырардай ажал кеп тіс, тырнағын.
Құлағымның түбінен естіледі,
Жаны шықпай зар илеп ышқынған үн…
Жүрегімді ұшықтап тұмар тағып,
Алыс ұшты, алқынып ұлар шабыт.
Қаламымнан барады қан тамшылап,
Жүрегіме Желтоқсан бұрау салып.
Аңырап қал, Желтоқсан, қаңырап қал,
Жалмап тынған талайдың жанын атпал.
Сүйегіңнің үстіне сарып жүрген,
Кешіріңдер, біздерді, аруақтар…
Түн жыры
Алдап күліп ақситып күрек тісін,
Көрсетті өмір кей сәтте білек күшін.
Өзегіме өрт кетіп қара түнде,
Солқылдайды, сыздайды жүрек тұсым.
…Қара күзде қыр бойлап қонып ауыл,
Қарады екен күн салып жолыма кім?
Қалғып кетсем, қыстығып оянамын,
Кер жусандай шық көмген омырауын.
Алыстатып өткен күн арамызды әр,
Жүрегімді беймәлім шалады ызғар.
Құба түзде тоналған керуендейін,
Қайтем, мынау, көңілді алақызған.
Көкірегімнен сағыныш көшкін құлап,
Туған елден тіршілік кештім жырақ.
Боз інгеннің үніндей бойымды улап,
Өмір өтіп барады өксіп жылап.
Алқымымда алапат алқынып кек,
Қыстығады кеудемде шарқ ұрып тек.
Күдерімді үзсең де тас қара түн,
Жүрегімді өзіме қалдырып кет.
Жүрек сөзі
Ашқам алғаш өзіңде өлеңге есік,
Дариясын ойлардың келем кешіп.
Еркебұлан сияқты ауылым жоқ,
Қайда барам, Алматы-ау, сенен кетіп.
Жолға салып әйтеуір дұрыс тәңір,
Сенде көрдім Атажұрт күміс таңын.
Құм ішінде құсалы ауыл қалды,
Илеуіне айналып құмырсқаның.
Шыңдарыңа шықсам да ұшып еркін,
(Кіріп алған қап-қара ішіме түн).
Күдігі көп, күдерлеу тағдырымды,
Сен ғанасың Алматы, түсінетін.
Асау жылдар, ағызып өтер шұбап,
(Тұманды күн тұлғаңды етем шырақ).
Арқандалған арманым айлағыңа,
Сенен өзге жоқ менде мекен, тұрақ.
Көшкен құм
Желбіретіп үмітімнің байрағын,
Биыл тағы Алатауды жайладым.
… түс көріппін, көшіп жатыр қыстауда,
Сусыл қағып желге ілескен майда құм.
Арпалысқан Ай астында бозаң нұр,
Көштің қайда, кеттің қайда, тозаң құм.
Дүйім дүние ілескендей құйынға,
Дүбір салған дүлей толқын көз алдым.
Көз алдымда дөңгеленіп таныс қыр,
Сапарларға аттанады алыс бір.
Көл бойында құлақтарын қайшылап,
Ескен желге үрке қарап қамыс тұр.
Көшеді құм, табатындай жер түбін.
(Желп етпейді, жер мен түннің серті бір).
Өзен суын шапшытады жағаға,
Құлаған жел баса алмай кеп ентігін.
Хикаясы қысыр түннің өткен бұл,
Таң ағарып құйылды, әне, көктен нұр,
Ауыл маңын айналсоқтап жүріпті,
Желге ілесіп жер түбіне кеткен құм.
Өлең толқын ұрғылаған жарды құр,
Біле алмадым, алда қанша бар ғұмыр…
Желге ілесіп майда құмдай сусыған,
Қайтем сені, әй, тағдырым, тағдырым…
Өртке оранған туған жер
Шағым бұл сағынышты ой жанымды үгіп,
Бойдағы жеңіп тынған бәрін күдік.
… түсімде Жоңғар төсін өрт шалыпты,
Ен жатқан қамсыз елді сабылдырып.
Жалын от айналаны қарша борап,
Зар жылап, ел босылды тау сағалап.
Ішінде қалың оттың әкем де жүр,
Қабірін әкесінің арқалап ап.
Дағдарып жол таба алмай қызыл өрттен,
(Күйдіріп жалын шалды жүзін ептеп).
Алақтап ары-бері жүгіреді,
Құдай-ай, қалай отты бұзып өтпек.
Білмеймін, қандай мезгіл, таң ба, кеш пе?
У да, шу көп ештеңе қалмады есте.
… әпкем тұр анау дөңде жалғыз өзі,
Бөлініп қалың елден алда кеткен.
Адамдай қатты ұйқыдан енді оянған,
Қарайды жан-жағына сенбей ол да.
Әпкемнің бауырына бұға түсіп,
Үрпиіп тұрған бала мен ғой анау.
Жалаңдап жанған өрттен даланы орап,
Шықты ұшып кішкентай құс алақанат.
Шырылдап көз ұшында барады, әне,
Жаралы қос қанатын сабалап-ақ.
Жебесін ат үстінде күнге қадап,
Сайрандап оғлан ұлдар жүрген алап.
Қалдың-ау, өрт ішінде қайран Жоңғар,
Тағдырың кімге аманат, кімге аманат?!
Жоңғардың даласына келіп жеттім
Баса алмай жүрек тулап жан аптығын,
Көкке ұштым қиялымды қанат қылдым.
Жоңғардың даласына келіп жеттім,
Төгілтіп құйрық жалын тарап түннің.
Ал жүйткі, жүйрік көңіл шап – Құлагер,
Алады асау жүрек аптыға дем.
Оятып айналаны ұйқысынан,
Абалап алдан шықты саққұлақ – жел.
Еленбей суық боран соққан әлгі,
Өзегім елегізіп отқа оранды.
Тұр ма екен түн ішінде тани алмай,
Мүлгіген жолға қарап топ тораңғы.
О, менің аяз мінез, асау далам,
Ұлың ем, бір өзіңе қашанғы адал.
Ұшқанда қыраныңа жол бастатып,
Жорытқанда құланыңды қосарға алам.
Бөрісі ұлып жатқан көкке еміне,
Жоңғардың көз жетпейді шет-шегіне.
Таңғалам алақандай жүрегіме,
Кең далам қалай сыйып кеткеніңе.
Қимастық
Кеткені жанды қинап қынай белдің,
(Қисапсыз қара өлеңді құрай бердім).
Жұбатып жүрегімді құлазыған,
Бәрін де басқа салған Құдай дермін.
Секілді ең бой түзеген шынар шыңға,
(Босамай қалай көңіл шыдар сынға?)
Қалқаның тағдырына көрініпті-ау,
Түсімде су ағызған сыңар сырға.
Жаныма шабыт сыйлап ақ таң күмбір,
Қайырылмас қатар жүрген шақтар күл, күл.
Қош айтқан қалқатайдың жанарындай,
Сәулесі бұлтқа сіңіп батқан күн бұл.
Жалт беріп түнге айналды кенет күнім,
(Өтермін өлеңге айтып себеп-сырын).
Шер қысып жүрегімді өкси берем,
Желге ұшып жоғалғандай кебек – ғұмыр.
Жарым менің
Өтіп жатыр сырғақтап, бұлғақтап күн,
Бәрін сезіп әлімше жырлап бақтым.
Тілегіне тіршілік көндіге алмай,
Жүрегіне жарымның мұң боп қаттым.
Өмір, өлім арасын бір-ақ адым,
Жанып тұрмас маңдайда шырақ әр күн.
Өзек өртер өкініш жасқа айналып,
Жарымның жанарына тұна қалдым.
Терін алып жыр дейтін көп шұбардың,
Ен даланың төсінен от шығардым.
Бет қаратпас именсем тағдырымнан.
Көмейінде жарымның өксіп алдым.
Самал желдей уақыт бұл жатқан есіп,
Айтатұғын не қалды мақтан етіп.
Көшем бір күн жарымның жүрегіне,
Ажалдың да белінен аттап өтіп.
Қапияда үзілсе, мүмкін демім,
Әр өлеңім – дүркіреп сілкінгенім.
Түбі өзіне айналар ақыны бар,
Жарым қандай бақытты, шіркін, менің?!
Жиырма бес
Жиырма бес сылаң қаққан жорға мініп,
Мойныңа түсті-ау әйтеу зорға құрық.
Көрейін қызығыңды мен де біраз,
Тізгінді иір-қиыр жолға бұрып.
Именіп көрмеп едім тағдырдан еш,
Асау жыл бұрқасындап алдымнан ес.
Айшылық жолға серік бола алармын,
Сынап көр сенде мені, ал, жиырма бес!
Өтсең де адастырып бес күн жалған,
Мөп-мөлдір өлең жұттым көк тұмбадан,
Қылпылдап жүрегімде жиырма бес тұр,
Қайралған сағынышпен өткір қанжар.
Қайтқан құс
Көрінбей көз ұшында кенере көк,
Қиқулы үн тастайтындай делебеме от.
Шұбалған шуда бұлттай тас төбемнен,
Қарсы қайтқан құстың не деген көп.
Осылай айттым өмір мысалын жай,
Қиялмен құсқа ілесіп ұшам ұдай.
Түнеріп сен де қалдың қайран айдын,
Түнеген тымық түнде құшағыңда Ай.
Желп етіп, желге ілесіп елпек құрақ,
Даусыңнан мұңға оранған селт етті бақ.
Қайтарып келетіндей көштің алдын,
Тебініп барады ағып тентек бұлақ.
Қайтқан құс самғайды асып қала қырдан,
Көз талып, алыстады ара жылдам.
Кеудемді барады өртеп бір өкініш,
Толқындай тыным таппай жағаны ұрған.
Жел есті бір кездегі жасыл белден,
Қара бұлт себеледі қасын керген.
Қарады ақтық рет қайтқан құсқа,
Көтеріп сары жапырақ басын жерден.
Шашасын сұлу өлең шыққа малып,
Жортады төрт аяғын нықтап алып.
Даламнан күзді арқалап барады ұзап,
Осылай бір құдірет құсқа дарып.
Сезіліп таңғы ауадан мұң кермегі,
Кеудемді бір алапат жыр кернеді.
Қаңқылын қайтқан құстың мақам еттім.
Қалсын деп ала бұртқан күннен белгі.
Күзгі тамшы
Дала төсін қара жел толғақ қысып,
Бара жатыр жапырақ аулаққа ұшып.
Алатаудан ары асып күн құлады,
Тұлпарынан уақыттың аунап түсіп.
Жұлдыз дейтін аспанда гүлдеп үміт,
Жатыр шулап қара кеш іргеде ұлып.
Шұлғи басып, арқасын жел кептіріп,
Жүрдек уақыт жөнелді түнге кіріп.
Мың сан жұлдыз жайнаған күліп қарап,
Шұбалған шаң құс жолы күміс қанат.
Тұяғында түн тулап, жер дөңгелеп,
Көз ұшында кетті ұзап күлік қара ат.
Сал-серінің әніндей салған асқақ,
Түн сейіліп, таң атты алдан аппақ.
Самайындай анамның салады ойға,
Оянған тау жонына қар қонақтап.
Секілденіп аянбас бала бүркіт,
Таңғы бояу жөнелді далаға үркіп.
Қыр астында қараша жатыр шулап,
Ауылындай бақсының алабұртып.
Қарашада жел тұрып оң-солымнан,
Көрінбейді тұманнан қол созым маң.
Ары қарай бел ассаң қаһарлы қыс,
Қарақшыдай түндерде жол торыған.
Аттап өтіп алдымнан шыққан қырдан,
Шапқан уақыт самғаған құстан жылдам.
Қай бұлыңға аударып кетер екен,
Дүниені жылымдай жұтқан жылдар.
Тұман
Өтсе де сейілмейтін жылдар ендеп,
Боз тұман жөңкіледі қырдан өрлеп.
Жалған-ай, ол да бейбақ біреу болар,
Көшуді ертелі-кеш қылған ермек.
Боз тұман, бозаң тұман, дала тұман,
Желібау көрінбейді ана тұрған.
Түнімен шалғынға аунап жатып алды,
Төгіліп мөлдір тамшы қанатынан.
Ақ таңның білінгенде жылты қылаң,
Тыныш жер іздегендей бір тығылар.
Жөнелді тауға өрмелеп қойдан бұрын,
Оянып сұр серкенің сыртылынан.
Атқанда жайлау таңы, шіркін, жарық,
Естілер аққан өзен күлкің қанық.
Байланып құз басына байыз тапты,
Етектен көшкен тұман бүлкіл қағып.
Белгілі кім екені хаққа ғана,
Секілді көлбей ұшқан ақ шағала.
Анталап ауыл үстін қайта басты,
Қамалып қалған тұман шатқа мана.
Арманы бардай бейне тілер іштен,
Шіркіннің жүзі сұсты түнеріскен.
Ілінген шың басына қою тұман,
Шұрқырап шауып түсті тік еңістен.
Қайтейін тағдырыңа ойлап күмән,
Жел көрсе желігің бар бойда аптығар.
Сенделген сен де мендей біреумісің,
Жалған-ай, жарым көңіл бейбақ тұман.
Күн күрең
Жимайды ақпан, шіркін, айылын бір,
Жармайды көктем келмей қайыңың бұр.
Қамалған қара түннен қашып шығып,
Күн күрең көкжиекте жайылып жүр.
Қақ тіліп тұяғымен түн жүрегін,
Ойқастап шықты аспанға түн күреңім.
Кісінеп дүниені оятады,
Көрсетіп бұлт ішінен бұлдыр өңін.
Балқытып шәрбат жылу жаныңды өбіп,
Тулайды тамырыңда, тәніңде өніп.
Күн күлік батыс тауға барады еніп,
Отаулап сауырында сабын көбік.
Ғажайып құйрық жалын нұр аптаған,
Шын жүйрік көкте жортқан күн ақтабан.
Жалғыз сол, аман қалған адам үшін,
Аңызда айтылатын пырақтардан.
Қарашы, мынау тентек ой кеселін,
Көнбеймін қиқарланып «қой» десе кім.
Бұлқынып қара жерден көкке ұмтылам,
Қасыңа жеткім келіп мен де сенің.
Талпынып қанша үміттің жібін үздім,
(Жаралған екеуміздің дініміз нұр).
Жел қанат көкте жортқан сен – арғымақ,
Мен тұлпар жерде жортқан – түбіміз бір.
Тіршілік шалқып-тасып, тынысы кең,
Құлпырсын дүниенің гүлі шүлен.
Ойқастап аспан көкте жорта берсін.
Күн күлік жаңылмастан жүрісінен.
Әпке
Қайтқан құс, салған әнің неткен зарлы,
Келместей қайта айналып көктем мәңгі.
Ауылдан кеттім алыс, қимай қарап,
Төсінде сонау Жоңғар әпкем қалды.
Жөнелдік іргемізден жау кіргендей,
Ойламай болады деп алдым нендей.
Жол бастап келе жатыр бұрқасын жел,
Боздатып дала төсін саулы інгендей.
Кеудемде қалды содан саз құндаулы,
(Жыр жазсам жанар жасым сәл құрғады).
Аңырап әпке қалды… біз аттандық,
Арқалап ауыр-ауыр тағдырларды.
Жан әпке, жанды ауыртып жылағаның,
Түсінсең, бізден басым сірә бағың.
Жүресің қоңыр кеште сырыңды айтып,
Қыдырып туған өлке қыр алабын.
Сағыныш безбендейді санаға күш,
Дейсің-ау әкем алыс, анам алыс.
Кетсе де ақ айдыннан ұшып қиыр,
Қайырылып бір соқпай ма жағаға құс.
Қыс өтіп, көктем аунап, жыл алмасар,
Күз жетіп, көңілдерді қырау басар.
Сол шақта тұғырыма бір қонармын,
Далалық мінезіммен қыранға тән.
Айтайын жүрек сырын жетсе өлеңмен,
Алапат тағы оранды өртке кеудем.
Қайтейін, кермек тартқан тағдырымды,
Жусандай кер далада көктеп өнген.
Білмеймін, еншімді алам қашан, кімнен?
Әзірге өмір осы масаң күлген.
Әпке, сіз, бақыттысыз бізден гөрі,
Туған жер төсінде аман жасап жүрген.
Сені іздеп
Жүрегімді бір зарық жұлып аңсап,
Құлағымнан кетпейді үнің әр сәт.
Алматының аспанын аңыратып,
Жолға шықтым сені іздеп түніме ер сап.
Жылдамдықпен үлгермес кірпік қағып,
Қарды кешіп жөнелдім күртік қалың.
Ай қарайды албырап қыр басында,
Дүбірінен дүниенің үркіп барып.
Ақ аязын ақпанның кісінетіп,
Саған жетем тау, шыңнан ұшып өтіп.
Қалқам, сен де көп ойлап сағындың-ау,
Гүлге тұнған кіріп жүр түсіме шық.
Қиқу салып кетіп ең құспен бірге,
Хабарыңды айтпадың күткен күнге.
Таң алдында аз уақыт аймаласқан,
Сен екеуміз ұқсаймыз шық пен гүлге.
Жараған ат кеудесін асқақ керіп,
Қолтық жазып, көсіліп шапты-ақ делік.
Көрінбейді ештеңе оң-солымнан,
Тақымдайды сары жер тап-тап беріп.
Болатындай жаныққан жаныма айлақ,
Шақырады Ай асты сағым ойнап.
Жолға шықтым, сені іздеп түніме ер сап,
Күртік қардың бетінде салып ойнақ.
Құлпытасым қалсын осы қалада
Табиғатқа айта алмайды-ау тіл мадақ,
Көзім алды жасыл бейіш, нұрлы алап.
Көктөбеде қыдырып жүр көктем-қыз.
Көйлегіне қызыл, жасыл гүл қадап.
Маңдайымнан иіскегенде таңғы нұр,
Өз-өзінен құлпырады бар ғұмыр.
Алматыдан ару кетсе қиналам,
Құпиясын айтыңдаршы, ал мұның.
Жанды қинап өксік толы шерменді үн,
Сан адастым, жетемін деп желге ердім.
Не болды екен тағдырларың, апыр-ай,
Алматыдан алыс кеткен сендердің?
Тұнық едім, секілденген таңғы аспан,
Қазір жұтап даладаймын қар басқан.
Әр тарапқа жолдар кетті солқылдап,
Жүрегімнің тамырымен жалғасқан.
Үміт өшті, арайлы өмір жоқ енді,
(Кімге оқимын жазған мынау өлеңді).
Көбелектей гүлден ұшқан елп етіп,
Тағы бір қыз жолға түсіп жөнелді.
Баяғының ақынындай сөзге адал,
Батырындай бұзып кірер тез қамал,
Алматыда алқынады қу көңіл,
Талпынады, таба алмайды өзге амал.
Алматыда жалғап арман тұратын,
Өтер ертең тіршіліктен бір ақын.
Құлпытасым қалсын осы қалада,
Тым құрыса сендер келіп тұратын…
Алматыдан ару кетсе қиналам…
Өзгерген өзім екен
Қараңғылап кеудемді құлаған түн,
Ағарған түн жақты әкеп шырақ әр күн.
Өзегіме өрт түсіп, өлең жаздым,
Өзгертсем деп өмірдің мына қалпын.
Азайса деп жанашыр жандарға өкпем,
Бір жылылық аңсадым заңғар көктен.
Көлбең қағып алдымнан шықса дедім,
Құшағында жиырманың қалған көктем.
Түлкі тірлік кетсе де алдап егер,
Пендемін ғой, тәубе деп, барға көнер.
Обалыңды, білмеймін кімге артамын,
Өзегімде қайраңдап қалған өлең.
Жіп таға алмай бойдағы тосын жайға,
Мұң өртейді жанымды осындайда.
Ит тірлікке қолымды бір-ақ сілтеп,
Кетер едім, барамын сосын қайда?!
Бөзі бөтен, бұл мекен сөзі бөтен,
Құйылады жас болып көзіме шер.
Кешір, өлең, адамдар, кешіріңдер,
Ешкім емес, өзгерген өзім екен.
Не бар дейсіз өлеңнен құдіретті?
Жыр қуалап қаншама күнім өтті.
Ешкім емес, өзгерген өзім екен,
Жүрек тұсым осылай күбір етті.
Кешір, өлең, адамдар, кешіріңдер…
Он сегіз жастың көктемі
Азабын тартып аңсаудың бөтен,
Өзегімді өртеп от демің.
Сен менсіз қалай қарсы алдың екен,
Он сегіз жастың көктемін.
Көсіліп қиял бауырын жазып,
Айта алдың ба екен шырқап ән.
Жамылып жұпар жауынын жаздың,
Гүл тердің бе екен қырқадан.
Жетелеп өмір жолдары құраң,
Он сегіз де өтті бұрқанып.
Тарқамай қалған сондағы құмар,
Көзіңнен, міне, тұр тамып.
Аршысам ескі көңіл сүрдегін,
Қалмапты сәттер есімде еш.
Мен сенсіз қалай өмір сүргенмін,
Ол жағы жұмбақ шешілмес.
Ай
Бір сапарға бетімді бұрдым арнап,
Тұнжыр үміт көзімде тұр қылаулап.
Желісінен босаған торы құлындай,
Ай барады қырды асып, құлдыраңдап.
Өкпелеймін, тағдырым ісіңе қай?!
Кіретұғын түндерде түсіме ұдай.
Желісінен босаған торы құлындай,
Бұлтты кешіп барады кісінеп ай.
Кері қайтқан толқындай төніп келіп,
Желге ілесіп жөнелді желікпе бұлт.
Салқын түнде тойынған торы құлындай,
Ай қарайды езуі көбіктеніп.
Күнді өткеріп, беймаза түнді өткеріп,
Келем әлі у да шу дүрмекке еріп.
Тыпыршыған желіде торы құлындай,
Ай тұр, әне, ажары күлбеттеніп.
Бірте-бірте бастады жол қиындай,
Асқақ арман қалды алыс, ол бұйырмай.
Ай жоғалды бір күні қара кеште,
Жібін үзіп жөнелген торы құлындай.
Сұр бұлттай сейілмей ой тұманы,
Үлгергем жоқ сырымды айтып әлі.
Желісінен босаған торы құлындай,
Енді қашан албырап ай туады?
Салғамменен құбылтып мақамға көп,
Таба алмаймын тағдырды атарға оқ.
Ескіше айдың қаншасы бүгін осы?
Оны есептеп беретін атам да жоқ.
Желісінен босаған торы құлындай…
Алматы түсіне кіретін қыз
Ашып арман құшағын айқара аппақ,
Қиялыңа үлпілдек ой қонақтап,
Пойызында «Алматы-Ақтөбенің»,
Келе жаттың тағдырың шайқалақтап.
Зымыраған пойызды құсқа балап,
Жүрегіңді кернеді күш қабағат.
Қырат, белге қош айтып сырғып жатқан,
Ойға шомып отырсың, тысқа қарап.
Шаршамадың, кеш кіріп күн батса да,
(Жететіндей асықтың гүл бақшаға).
Тағдыр күтіп тұрды екен тағы қандай,
Қарсы алады таң атса жұмбақ қала.
Жетті пойыз озандап… сен де ән салдың,
(Болатындай бақытты енді әр шағың).
Алатаудан құлаған самалға еріп,
«Алақайлап» алдыңнан мен қарсы алдым.
Кір түсірмей содан соң көңілге ешбір,
Сен қасымда, ғажайып өмір кештім.
Баурап алдың жанымды мінезіңмен,
Самалындай мап-майда қоңыр кештің.
Бір күніммен сезіліп бір күн артық,
Маған сол сәт мойнын бұрды бақыт.
Содан кейін ұмытып дүниені,
Патшалығында өлеңнің жүрдім аңқып.
Артып едім өзіңе сеніп үміт,
(Құр жүріппін жастықтың желігі ұрып).
Пойызында «Алматы-Ақтөбенің»,
Бара жаттың тағдырды кері бұрып.
Тұрғандай-ақ алдыңнан тор құрулы,
Неге тосын қиырға жол бұрылды.
Елесіңе жолығып қалам ба деп,
Кезіп жүрмін қаланы өрлі-қырлы.
Уақыттан қашу
Сайтан сынды шошынып оттан қашар,
Үрейленем, жұлдыздар жаққанда шам.
Қыс ұзарып барады, түс ұзарып,
Аяқтайды, апыр-ау, ақпан қашан?!
Жаратқанға жасасам құлшылық мол,
Қысқарар ма шұбалған күншілік жол?!
Тұншықтырып барады демімді үзіп,
Ту сыртымнан қапсырып бір суық қол.
Құрбан болды қаншама жолыңда үміт,
Солым үрей болғанда, оңым күдік.
«Ақпан дейді ең қысқа ай» ана біреу,
Санамалап өзінше қолын бүгіп.
Емінемін үздігіп жоққа бекер,
Қайрат қайда, уақыттан аттап өтер.
Аяқталмай қалды ғой қыстың соңы,
Ең ұзақ ай әсілі ақпан екен.
Ең ұзақ ай дұрысы ақпан екен,
Бірақ бұл да уәж емес мақтан етер.
Уақытты алдамалап өлтірудің,
Бұл адамдар айласын тапқан екен.
Не табамын даурыққан сауық, тойдан,
Жарытпаймын жалықсам салып та ойран.
Кім құтқарар апыр-ау мен бейбақты,
Құрсауында уақыттың қалып қойған.
Қиналамын қалғандай қиырда олжам,
Шамам қайда, ертеңнің күйін болжар.
Кеңістікте көгілдір көсілсем бір,
Уақыт дейтін сытылып тұйық жолдан.
Бес шумақ өлең
Жоңғардың жондарынан жел абалап…
Жөнелді қаламымның ұшында ойнап,
Бір өксік өзегімде тісін қайрап,
Салады сары уайым ішімде ойнақ.
Кербез аспан, Ай қасын кере қарап…
Білейді оған тұмсығын арлан жырым,
Аққан жұлдыз – көзімнен тамған мұңым,
Сағынышқа садаға қалған ғұмыр.
Тағдырымыз қақырап айырылардай,
Неден жаздым аңсарым қойды қанбай.
Жаның анда жасаса, тәнің мұнда,
Бұдан асқан бар енді қайғы қандай?!
О, Тәңірім, жібердім неден ағат,
Айыға алмай азаптан жанға батқан,
Тап-тап беріп қояды жанған отқа,
Көбелектей тағдырым қалбалақтап.
Жоңғарда қой қайырып жүрген бала
Көрді екен кімнен нала, кімнен жала,
Сұрап біл оның сырын түннен ғана.
Құдай-ау, Алматыға қайдан келді,
Жоңғарда қой қайырып жүрген бала.
Үздігіп, үміт күтіп таңнан аппақ,
(Алды ма, абайсызда ардан аттап).
Қалғаны есінде жоқ…
Есінде әйтеу,
Келгені қара кеште қалбалақтап.
Дейтұғын «тауда туып, далада өстім»
Арманы секілденіп балаң өскін.
Тұрды үнсіз дірдек қағып жол бойында,
Өмірге үрке қарап қарақошқыл.
Барарын білмей қайда бетті бұрып,
Қысылды көмей құрғап жөткірініп.
Ширығып содан кейін сәл тұрды да,
Өмірге қара қошқыл кетті кіріп.
Өзгерді осыдан соң түр-түсі күрт,
Андыздап сақал өсіп, мұрты шығып.
Ал оның кісінеген жылқы жанын,
Еш адам ұға алмады шын түсініп.
Іздеп ең айдан жылу, түннен де арай,
Тап болдың мына өмірге білмей қалай.
Бекер-ақ келгенсің ғой Алматыға,
Жоңғарда қой қайырып жүрген бала-ай.
Алматыға аптығып іні келді
(Б.Сәрсенханға)
Бұл қалаға бақ пен сор қоса қонған,
Қандай тағдыр, білмеймін тосады алдан.
Алматыға қалған соң бауыр басып,
Қалай қиып кетеді осы адамдар.
Болжап білмес алдағы өмірді ешкім,
Кір түспесе деймін ғой, көңілге ешбір.
Аға кетті асығыс алқам-салқам,
Азан мұңын айттырып қоңыр кештің.
Әр биігін ар санап шыққан оның,
Жететіндей жүруші ем бұлтқа қолым.
«Біз қайтеміз?» деп едім үндемеді,
Тастай қатқан, сұп-суық жылытпады өңін.
Медет тұтып, өлі мен тірілерді,
Жыр оқыса сілкінтіп үні жерді.
Аспаныңдай көңілі алабұртып,
Алматыға аптығып іні келді.
Еміреніп, әр неге тебіреніп,
Желпінеді жастықтың желі жеңіп.
Құшақ жайып, құдай-ай, тұра ұмтылды,
Алау оттың ішінен мені көріп.
Жан-жағынан бастады от қамалай,
Дейді айғайлап «шығар жол жоқ па, қалай?»
Ештеңе айтпай мендағы қашсам ба екен,
Басым ауған белгісіз жаққа қарай…
Жалқы шумақ
Не күтеді мұңайған дала бізден,
Үзік-үзік жалғайды араны іздер.
Тулатпай-ақ, жүректі шулатпай-ақ,
Аман өтсек, шіркін-ай, қара күзден
….
Ұзатып тағы да бір көшті нөпір,
Үрлеймін сенімімнің өшкен отын.
Көктемге қимай қарап ескі мұңым,
Кеудеме басын сүйеп өкіп отыр.
….
Ал әзірге болғанмен ара шалғай,
Бәрін жасап берейін қаласаң жай.
Жанарыңнан жас құйма жүрегіме,
Жүрсін десең арманым аласармай.
…
Жетелер енді қайда, жолдар нендей,
Мүлгимін, қылар айла қолдан келмей.
Алқынам, шиыр ойды шыр айналып,
Қамалып қазан құмға қалған желдей.
…