Жастардың құндылық жүйесін зерттеу өзекті

0

– Сіз басқарып отырған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталы­ғы­ның негізгі міндеттері қандай?

– Орталығымызға 2012 жылы Қазақстан халқы Ассам­блеясының XIX сессиясы барысында жарияланып, Елбасы­ның тапсырмасы бойынша құрыл­ған. Ең басты мақсаты жастар саясатын жүзеге асырудағы басым бағыт­тар бойынша негізгі және қолдан­балы зерттеулер жүр­гізу, әдістемелік жағынан қол­дау көрсету, мемлекеттік жастар са­ясаты­ның тиімділігін арттыруды көз­дейді. Осы ретте жыл сайын жастар сая­са­ты­ның өзекті мәселелері бо­йын­­ша зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп келеміз. Біз сараптаған қоры­­тын­ды­лар не­гі­зінде мүдделі мемлекеттік құ­ры­­лым­­дар тиісті шешімдер қабыл­дап, кешенді іс-шаралар жоспарын құрады.

– Ғылыми зерттеулер жүргізу және мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытында орталықтың бастамасымен нақты қабылданған қандай шараларды айта аласыз?

– Мемлекеттік жастар саясатын мекемеаралық өзара іс-қимыл­сыз, сондай-ақ барлық мүдделі тұл­ға­лар­дың күші мен ресурстарын жұмыл­дыруынсыз тиімді іске асыру мүмкін емес. Жүйелі басқарушылық шешім қабылдау үшін мониторинг пен диаг­ностика, өтіп жатқан үрдістердің үздік әдістемелерін қолданысқа ен­гізу, барлық мақсатты топтарды жаппай қамту сынды жастармен жұ­мыс істеудің негізгі қағидаттарын «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүзеге асырады. Мәселен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» осындай  іргелі зерттеулер мен са­рап­тамаларды ескере отырып, ұсы­нылған бағдарлама. Яғни, жас­тар мен студенттердің мәселелері тия­нақ­ты зерттеле отырып, келешек он жыл­дық жоспарлар алға тартылады. Сонымен бірге, жастар арасындағы мәдениетаралық диалог қалыптастыру, өзара тәжірибе алмасу, көшбасшы­лық, қоғамға қызмет көрсету, цифрлы дәуірдің өмір салты тұрғысында жас­тар ресурстық орталықтары, жастар ұйым­дарына арнап іс-шаралар, оқыту семинарларын өткізіп тұрамыз.

– Орталық жүргізген ғылыми зерттеулер негізінде анықталған соңғы жылдардағы үш мәселені атап бере аласыз ба?

– Зерттеулер нәтижесі жастарды ең алаңдатын мәселелер қатарына тұрғын үй мәселесі, жұмыссыздық, білім сапасы, сапалы медицина жататынын көрсетті. Біздің жастар жұмыс жоқ дегенді көп айтады. Осы Астананың өзінде ғана 8 мың бос жұмыс орны бар. Жастар арасында жұмысты менсінбеушілік деген қызық құбылыс қалыптасқан. Бір мысал келтірейін, Каспий теңізінде суасты дәнекерлеушісі деген қаны жерге тамбай тұрған кәсіп бар. Сол судың астына 20 минутқа бір түсіп шыққаны үшін шамамен 1500 АҚШ доллары төленеді. Қазақстанда мұндай маман жоқ болғандықтан, амалсыз шетелден алдыртады. Қара жұмысты ар көретіндер бар, есесіне Астана­ның сол жағалауындағы бір каби­нет­те галстук тағып отырғысы келеді. Кісі қатарына қосылу деген бастық болу емес қой. Адам болу, тұлғалық даму дегенді мәртебемен, мансаппен шатас­­тырып жатады. Одан кейінгі баспана мәселесіне келсек, қазір ешкім біреуге тегін үй бере алмайды. Қымбат теле­фон керек пе, үй керек пе? Не маңыз­ды? Жұмыс істегісі келмейді, бірақ көп ақша тапқысы келеді. Бұл екеуі екі түрлі дүние.

– Ал бүгінгі жастар арасындағы құн­дылықтар жүйесі қалай өзгерді? Нарықтық жағдайлар тұлғаның қалыптасуына, оның қажеттіліктері мен құндылықтарына қаншалықты әсер етіп отыр?

– Батыс өркениетін мысалға көп келтіреміз. Олар ысырап пен үнемге қатты мән береді. Бізде мың доллар тұратын айфонды Америкада 400 доллар шамасында алып, оны тек байланыс ақысы ретінде төлеп отырады. Осындай арзаншылықтың өзінде керек пе, жоқ па деп ойланып барып, алады. Жаңа киім, жаңа көлік деген құндылық емес. Нарықтық фи­лософия болса, жастар жұмыссыз қарап отырмас еді. Асырайтын әке-шешем бар, мен тәуір жұмыс күтіп жата тұрайын дейтіндер де кездеседі. Қазіргі заманғы қоғамда жастардың құндылық жүйесін зерттеудің өзек­тілігі артып келеді. Себебі егемен­ді Қазақстанның болашағы жас ұрпақ­қа, олардың дүниетанымдық көз­қарас­тарындағы басымдықтарға тікелей байланысты.

– Қазақстандық жастардың түрлі оқу бағдарламалары арқылы және жұмыс істеу мақсатында әлем­нің түрлі елдеріне кету үрдісі жиі байқалады. Бұған қандай факторлар ықпал етеді?

– Жастар қазір әлемнің барлық елдеріне, кез келген өңіріне кетіп жатыр – көпшілігі Ресей Федерациясына, АҚШ, Қытайға және басқа да елдерге кетуде. Жастардың шетелге көшуінің негізгі арнасы студент алмасу бағдарламалары, тәжірибеден өту, білім алу болып отыр. Мұнда тұрған еш­теңе жоқ. Елімізде «Болашақ» бағ­дар­ламасы сияқты бір жолға қойылған бастамалар мұның нақты айғағы. Жалпы, елден екі түрлі себеппен кетуге болады: алғашқысы дүниетанымын кеңей­ту, тәжірибе алмасу үшін болса, екін­шісі елге сыймай кетесің. Кремний алқабында, БҰҰ штабында, өзгеде үлкен оқу орындарында жұмыс істеп жүрген ізденімпаз жастармен тек мақ­танамыз, қолдаймыз. Олар түбінде елге оралып, тәжірибелерін мақсатты түрде іске асырады деп ойлаймын.

– Бұл тақырыпта орталық жүр­гіз­ген нақты зерттеу нәтижелері не дейді?

– 2017 жылы «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы «Жастардың еңбек және оқу миграциясына дайынды­ғын зерттеу» атты әлеуметтік сауал­нама өткізді. Қазақстан жастары­ның миг­рациялық әлеуетін зерттеу мақсатында респонденттерге «Егер сізде басқа елге көшіп кету немесе өз еліңізде қалу мүмкіндігі болса, қайсысын таңдар едіңіз?» деген сұрақ қойылды. Сауалнамаға қа­тыс­қан жастардың жартысынан көбі (51,3%) Қазақстанда қалғысы келе­тінін айтты. Гендерлік жіктелім бо­йынша талдаулар Қазақстан жастар эмиграциясының келбеті «әйел адамдар келбеті» екендігін көрсетіп отыр. Зерттеу нәтижелері бойынша 17,4% дүниетанымын кеңейту үшін, басқа ұлт өкілдері мен өзге халықтар қалай тұратындығын білу мақсатында – әлемді тану мақсатында қоныс аударады. Әрбір оныншы адам шетелге сапалы білім алу үшін кетеді. Басқа елде өздерінің материалдық жағдайын жақсартамыз деп ойлайтындар үлесі 8,4% болса, жұмысқа тұру үшін 6,8% жас кетеді.

– «Жастар жылынан» не күте­сіз? Үкімет тарапынан қандай мәсе­лелер ескерілуі тиіс?

– Елімізде жастарға арналған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып жатыр, олар жастардың өзін-өзі дамыту, еңбекпен қамтамасыз ету, білім алу сияқты мүмкіндіктеріне жол ашады. Зерттеулер көрсеткендей, Қазақ­­станның жастары әлеуметтік өзге­ріс­­терге ең сезімтал топ болып келеді, жас­­­тар жаһандық мәдени импульс­терді қабылдауға бейімі­рек. Бүгінгі күннің бас ауруына айналған ажырасудың түбі білім­сіз­діктен шығып отыр. Бұрынғы қалып­тасқан ата-ене институты жоқ. Үйлене сала жеке шығып, ақыры үй болу жолын білмей, ажырасып тынады. Өмірлік тәжірибелері мен жеткілікті білімдерінің жоқтығынан жастар көптеген құндылықтар мен ұстанымдар алдында әлсіз келеді. Мұндай жағдайда жастардың санасы тұрақсыздықпен, эклективтілікпен және маргиналдылықпен сипатталады. Жалпы, оқуға, жұмыс істеуге құлықсыз жастардың үлесі (NEET) бізде 8% шамасын көрсетеді. Бүкіл дүние­жүзі елдеріне тән мұндай көр­сеткіш Еуропа елдерінде тіптен жо­ғары. Жастарды жұмыспен қамту сала­сында аймақтық ерекшеліктерді еске­ре отырып, белсенді түрде жұ­мыс жүргізу керек. Сондықтан Үкі­мет тарапынан жастар жылының науқан­шылдыққа айналмай, тек жиын-форумдармен шектелмей, нәтижелі іс-шаралардың өтуіне басты назар аударылса құба-құп. Бұл ретте өз тара­пы­мыздан нақты ұсыныстар әзірле­нетіндей жаңа міндеттерді алға қойып отырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Дереккөз: http://egemen.kz/