Жастар ұстаздыққа ықыласты емес

0

Бұрын мұғалімнің мәртебесі мен беделінің қаншалықты екенін аталарымыздың немерелеріне «Мұғалім бол!», «Ұстаз атан!» деп бата беруінен-ақ аңғаруға болатын еді. Көшеде оқушылары мұғалімнің алдынан қия өтпейтін. Егер оқушыға мұғалім ұрысса, үйде ата-анасы қоса ұрсатын еді. Қазір олай емес. Мұғалім оқушыға сәл дауыс көтерсе, ата-анасы арызданып шыға келеді. Сондықтан бұл көпшілік пен қоғам тарапынан шешімін күтіп тұрған мәселе. 

Қазіргі таңда, мұғалімнің еңбек­ақысы қазақстандық­тар­­дың орташа жалақысымен салыс­тырғанда небәрі 75 пайызын құ­рай­ды екен. Жұмысқа жаңадан кел­ген мамандардың жалақысы 50 мың теңге көлемінде ғана. Қа­лай дегенде де мұғалімдердің жал­ақы­сы оның біліктілігіне қа­рай белгіленетін болғаны – бүгін­нің басты талаптарының бірі. 

Қазіргі таңда ауылдық жерде мұғалімдер жетіспейді. Деген­мен, «Дипломмен − ауы­лға!» қозғалысы жастарды ауыл­ға тартудың жақсы бастамасы болды. Күрмеуі күрделі мәселелер­дің біріне ұстаздардың қартаю үрдісін де қосу керек. Бұл жерде әңгіме мұғалімнің жасында емес, ұстаздар қатарына жастар аз келуінде болып отыр. Тәуелсіз сарапшылардың анықтағандай, елімізде 340 мыңдай мұғалім жұмыс істейді екен. Оның ішіндегі 8 мыңға жуығы зейнеткер, 40 мыңы зейнет жасына жақындағандар және 190 мыңға жуығы орта жастағылар (30-50 жас аралығында) екен. Сонда жастардың үлесі үштен бірін құрайды деген сөз. Сонымен бірге, ұстаздар арасындағы ген­дерлік сәйкессіздіктердің болуы. Атап айтқанда, әйел мұға­лімдердің көп болуы. Еліміздегі барлық мұғалімнің 86 пайызын әйел мұғалімдер құрайды екен. Ер адамдардың аз болуы ұрпақ тәрбиесіне ықпалын тигізері сөзсіз. «Әке көрген оқ жонар…» деп бекер айтылмаған. Осы мәселені шешу де ойда жүретін мәселе. 

Мұғалім мәртебесі дегеніміз − мұ­ғалімнің оқушыларға өзін мойындатуы, пәнге деген қызы­ғушылығын оята білу. 

Мұғалім жан-жақты қамтыл­ған, Үкіметтің ерекше назарында болуы тиіс. Қайткенмен де мұғалімнің қоғам алдындағы мәртебесі жоғары болмай, беделі де жоғары бола алмайды. Мұғалім өз беделін өзі көтеруі керек. Мұғалім өзінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөз саптауымен және көпшілік орында өзін-өзі ұстауымен, білімімен ерекшеленуі тиіс. Себебі қалың көпшілік және оқушылары мұғалімге сын көзбен қарайды. Осы айтылғандарды, әсіресе кейінгі буын, жас мамандар қатты ескергендері дұрыс. Тағы бір ескеретін жағдай, «кездей­соқ» мұғалімдердің болуы және «кездейсоқ» білім мекемелерінің басшысы болуы. Шын ынтасымен, жүрек қалауымен мұғалім болған адамда ғана бедел болады. Себебі ол мамандығын сүйеді, қиыншылықтарды жеңе біледі, ізденеді, өз беделін өзі жинайды. Қазіргі жас мамандарға дәл осындай қасиеттер керек деп ойлаймын.

Бұрын қағазбастылық аз болды. Мұғалім жұмысын ғана білді. Қазір де мұғалім беделі жоқ дей алмаймыз, барлығы заман талабына сай. Тек оны көпшілікке танытатын, мойындататын тетік қажет. «Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де – ұстаз» деген Президент сөзінен-ақ мұғалім­ге қаншалықты жауапкерші­лік жүктеліп тұрғанын сезіну­ге болады. Шығыс ғұлама­сы «Орташа мұғалім айтып бере­ді, жақсы мұғалім түсіндіре­ді, үздік мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім қанаттандырады, шабыттандырады» дейді. Ен­деше, елімізде білімге негіз­делген инно­ва­циялық-эконо­ми­ка­лық жетіс­тіктерді елдің даму стратегия­сымен сабақтас­ты­ратын, әрі оны жүзеге асыруға үл­кен үлес қосатын білікті ұстаз­дар екенін жастарымыз дұрыс түсінуі қажет.

Мұғалімдердің консти­ту­ция­­лық құқығын қорғай­тын, еңбек заңдылық­тарының сақ­талуына бақылау жасайтын бір­ден-бір қоғамдық ұйым – кәсіп­тік одақ. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарындағы өтпелі кезең­де қиыншылықтарда еңбек адам­дарымен бірге болған да – кәсіп­одақ. Ол кезде басқа қоғамдық ұйым­дар тарап кеткенде, кәсіп­одақ өз жұмысын тоқтатқан емес. Содан бері кәсіподақ қоғам өміріндегі өзгерістер мен жетіс­тіктерге белсене араласып, еңбек адамдарының эконо­микалық-әлеуметтік жағдайларын жақ­сартуда өз үлесін қосып келеді. Еңбек кодексінде көзделген құқықтардың сақталуына, одан төмен болмауына ұжымдық шарт, әлеуметтік серіктестік жөніндегі келісім, жеке еңбек шарттары арқылы қол жеткізіп келеді. 

Кәсіподақ жаңа Еңбек кодек­сін қабылдау кезінде асқан бел­сенділік танытып, 200-ге жуық ұсыныс берді. Оның 60 па­йызы Еңбек кодексіне енгізілді. Мұ­ғалімдердің еңбекақысын көтеруде, тұрмыс жағдайын жақ­­сарту бағытында әлеуметтік өтем­ақылар мен төлемақыларды көбейтуге, жоғары органдар арқылы дұрыс шешілуіне оң ықпал етіп келеді. Осы бағытта өткен жылы қазақстандық сала­лық білім және ғылым қызмет­керлері кәсіп­одағының Үкімет пен Пар­ла­ментке жазған Үндеуін айтуға болады. Онда қазіргі күн­көріс өлшемімен алғанда еңбек­ақы­ның төмендігі, ауылдық жер­де тұратын мұғалімдерге ком­муналдық төлемнің өте төмен екендігі және еңбекақы есептеу тетігін қайта қарау керек екендігі айтылып, қайта қарауға ұсыныс берілді.

Раушан СЕРІКОВА, 

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы

АҚТӨБЕ 

Дереккөз: http://egemen.kz/