«ҰЛЫ ДАЛА ЗАРЫ» фильмінің жабық көрсетілімі өтті

0

Кеше, 2021 жылғы  31 мамыр күні «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне» орай  Ашаршылық туралы түсірілген «ҰЛЫ ДАЛА ЗАРЫ» фильмінің жабық көрсетілімі өтті. 

Жабық көрсетілімге фильмнің түсіруші тобы мен бірге басты кейіпкерлерді сомдаған актерлер де қатысты. Олар: Дулыға Ақмолда, Саяжан Құлымбетова, Тимур Мұқажан, сонымен қатар, бала кейіпкерлерді ойнағандар: Райана Дәулет, Айбар Таңғыт, Әділет Жанғали және Сәкен Нұрислам.

Шараны ұйымдастырушы — «MG Production Plus» кинокомпаниясы фильмнің жарыққа шығуына көмек көрсетіп, «Start Time» платформасында краудфандинг жинауына қатысқан қонақтарға басты назар аударып, үлкен көңіл бөлді.

Крауд-кампания шамамен 800 мың теңге қаржы жинауға ықпал етті. Одан бөлек басқа да меценаттардан шамамен 9 миллион теңге кинокомпанияның есепшотына түсті.

«Біз, осы фильмнің жарыққа шығуына көмек қолын созған барлығыңызға алғыс айтамыз. Қарапайым адамдардың көмегінің арқасында бұл фильм нағыз халықтың көңілінен шыққан фильм болды», – деді кино картинаның продюсері Ернар Мәліков, ашылу салтанатында.

Фильмнің режиссёрі Марина Құнарова жобаның тарихы мен оны іске асыру барысы туралы ойларымен бөлісті. «“ҰЛЫ ДАЛА ЗАРЫ” көркем фильмі Қазақ ұлтының басынан өткен, өмірде болған оқиғалардың желісімен, тарихи деректерге сүйене отырып түсірілді. Картина 1920-30 жылдары болған, халқымыздың 70 пайыздан астамы қолдан жасалған аштықтан қырылып қалған Ашаршылық зұлматы кезеңін қамтиды.  Сондай-ақ, 1,5 миллионнан астам қандастарымыз бас сауғалап, туған елін тастап шет елдерге босып кетті», – деді.

Шараға жиналғандар Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын бір минуттық үнсіздік жариялап еске алды.

Кездесу соңында «ҰЛЫ ДАЛА ЗАРЫ» фильмі көрсетілді. Актерлер мен түсірілім тобы көрермендердің алғысы мен ықыласына бөленді.

* — 1920–1930 жылдардағы ашаршылық