Кейінгі жылдары Қазақстанға әлемдік деңгейдегі жұлдыздар көп келді. Концерттен кейін олар ел туралы алған әсерлерін бөлісіп, саяхаттары туралы айтты, жергілікті көрерменге тәнті болып, жарқын естеліктер ала кетті, деп хабарлайды kznews.kz.
"Ұмытылмас кештер үшін рақмет": Энрике Иглесиас
Испандық әнші Энрике Иглесиастың Қазақстандағы концерттері осы күздің ең көп талқыланған музыкалық оқиғаларының біріне айналды. Әртіс еліміздің екі қаласында - Астана мен Алматыда алғаш рет ауқымды стадиондық шоу өткізді.
Концерттерден кейін ол Қазақстаннан бірнеше видео жариялап, жергілікті жанкүйерлеріне алғыс айтты.
"Ұмытылмас екі кеш үшін тағы рақмет, Қазақстан!" - деп жазды әртіс.
Концерт барысында ол көрермендерге бірнеше рет қазақ тілінде "рақмет" айтып, жылы лебізін білдірсе, Алматыда сахна төрінен "I love Almaty" деп бірнеше мәрте қайталап, қалаға махаббатын жеткізді.
Алматыда Иглесиас пен оның командасы ауқымды концерт беріп қана қоймай, қазақстандық таулардың таңғажайып табиғатын тамашалап үлгерді.