Астанада қайғылы оқиға салдарынан 27 жастағы әйел мен екі жасар бала қаза тапты. Әйел тұрғын үйдің 15-қабатынан құлап, сол маңда келе жатқан бала отырған арбаға түскен, деп хабарлайды kznews.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған. Арбадағы екі жасар бала да ауыр жарақат алып, қайтыс болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 27 жастағы әйел тұрғын үйдің 15-қабатының терезесінен секірген. Ол ішінде екі жасар бала отырған арбаға құлаған. Алған жарақаттары салдарынан бала да, қыз да көз жұмды», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі таңда оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.