Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қайтыс болғаннан кейін ағзаларын донорлыққа беруге келісімін тіркегенін мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.
Министрдің айтуынша, ол мұндай шешімді бұған дейін қабылдаған. Әлназарова өз еркін ресми түрде тіркеуді жөн көргенін айтып, бұл тақырыпты қоғам алдында ашық талқылаудың маңызды екенін атап өтті.
«Бұл шешімді баяғыда қабылдаған едім. Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өз еркімді тіркеуді жөн көрдім. Бұл туралы ашық айтуды маңызды деп санаймын. Өйткені мен Денсаулық сақтау министрі болғандықтан емес, әрқайсымыз бір күні өзіміз немесе жақын адамымыз үшін осындай шешім қабылдауымыз мүмкін», – деп жазды ол Instagram парақшасында.
Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 4 867 адам ағза трансплантациясын күтіп отыр. Оның ішінде 212 науқасқа жүрек, 314 адамға бауыр, 30 адамға өкпе қажет.
Әлназарова қоғамда қайтыс болғаннан кейінгі донорлық мәселесін ашық талқылау трансплантацияға мұқтаж адамдардың өмірін сақтауға мүмкіндік беретін маңызды қадам екенін айтты.