Ұлы дала – ұрпаққа аманат

0

Елбасының қатысуымен өткен Назарбаев зияткерлік мек­тептерінің 10 жылдығына ар­налған «Ұлы дала мұрагерлері» атты форумда еліміздегі білім бе­ру жүйесі туралы кеңінен сөз болды. Зияткерлік мектептер – осы­дан он жыл бұрын Елбасының бас­тамасымен құрылған теңдессіз білім беру жобасы. Мыңнан аса адам қатысқан форумда Мем­лекет басшысы ең алдымен На­зар­баев зияткерлік мектептері оқушыларының ғылыми жобалары қойылған көрмені арала­ды. Мұнда халықаралық SAT және АСТ емтихандарынан рекорд­тық нәтижеге жеткен Ақназар Қа­жымұраттың математика сала­сындағы төл туындысы, Қуаныш Мәденнің «Робот – мұржа тазалаушы», Альберт Лидің «Робот Polargraph – терезе жуушы»,  сондай-ақ Нұрберген Ағаділ мен Жәңгір Сирановтың әлеуметтік ба­ғыттағы «Road of the Future», «Safe and Sound» – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер қауіп­сіз­дігіне арналған жобалары ұсы­нылды.     

Бұдан әрі  Нұрсұлтан Назар­баев форумға қатысушыларды зият­керлік мектептердің 10 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл мектептер еліміздің білім беру жүйесінде ерекше орын алатынын атап өтті.

«2008 жылдың наурыз айында Қазақстанның әр түкпірінде зияткерлік мектептер ашу жөнінде бірқатар тапсырмалар берілді. Назарбаев зияткерлік мектептері – әлемдегі өркениеттің өнегесін ұс­танған білім ошақтарының бе­рекелі белесі. Бүгінде бұл мектептер  еліміздегі орта білім берудің ең жоғарғы эталонына айналды. Қазіргі кезде қазақстандық өзге  мектептер осы зияткерлік мектептерге қарап бой түзейді», деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ Елбасы өңірлерде ашылған 20 зияткерлік мектептен 8 мыңнан астам түлек түлеп ұш­қанын айта келе, аталған мек­теп­тердің оқыту жүйесіне тоқ­талды.

«Зияткерлік мектептердегі білім сапасын шетелдік мұға­лім­дер мен профессорлар мақұл­дап отыр. Бұл оқыту жүйесі Син­гапур мен Ұлыбритания сын­ды елдердің үздік стандарттары­мен тең келеді. Әлемнің беделді университеттерінің біздің тү­лек­терімізді таңдауы соның айқын дәлелі. Еліміздегі әрбір дарынды баланың әлемнің үздік стандарттары бойынша білім алуына мүмкіндік туғызу біз үшін өте маңызды», деді Елбасы.

Мемлекет басшысы білім бе­ру­дің озық әдістемелерін және іріктеудің қатаң жүйесін енгі­зу нәтижесінде Назарбаев зият­кер­лік мектептерінің оқушылары математикалық сауаттылық бойынша әлемнің үздік 10 елінің оқу­шы­ларының қатарына қосыл­ғанын атап өтті.

«Бүгінде мұнда еліміздің бар­лық өңірінен келген балалар білім алуда. Солардың 3 мыңнан астамы – көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары болса, 2,5 мыңы – ауылдық жерлер мен шағын қалалардан келген оқушылар. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің және әрбір талантты баланың өзін өзі танытуы үшін жасалған мүмкіндіктің нақты көрсеткіші», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұдан соң Қазақстан Пре­зи­денті зияткерлік мектептерді ілгерілетудің оң қарқынын сақтап, оларды одан әрі дамытудың жаңа бағыттарын айқындау қажеттігіне назар аударды.

«Қазірдің өзінде цифрлы технология­лар, биоинженерия және роботтандыру салаларында жұмыс істей алатын жаңа мамандар қажет. Алдағы 10-15 жыл ішінде жасанды интеллект пен автоматтандыру технологиялары өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады. Сондықтан жылдам өзгеріп жатқан өмір талаптарына сай болу үшін сіздерге заманауи технологияларды меңгеру қажет», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Елбасы шет тілдерді мең­герудің маңыздылығын атап өтті.

«Биылғы оқу жылында зият­керлік мектептерде оқушылардың таң­дауы бойынша екінші шет тілін меңгеру қолға алынды. Жаһан­дану жағдайында шет тілдерін білудің маңызы аса зор. Тілдерді білу басқа елдердегі адамдардың менталитеті мен мәдениетін тү­сінуге жол ашып, жоғары білім алу және жұмысқа орналасу барысында таңдау жасау аясын кеңейтуге мүмкіндік береді», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті оқушылардың эмо­циялық интеллектісін дамыту мәселелеріне тоқталды.

«Эмоциялық интеллект қа­зір­гі заманда бәсекеге қабілетті тұл­ғаның маңызды қасиеті сана­лады. Аясы тар техникалық құзы­рет­тіліктерге қарағанда, адам­дарды сендіре алу, оларға жана­шыр­лықпен қарап, тыңдай білу, төзім­ділік таныту қабілеттері сұра­нысқа көбірек ие болады», деді Елбасы.

Уақыт капсуласын ұсынды

Жиын барысында Назарбаев Университеттің 1-курс студенті Абылай Сатылхан жә­не Павлодар қаласы хи­мия-биология бағытындағы Назарбаев зият­кер­лік мектебінің 10-сынып оқу­шы­сы Адель Камалдинова қатысу­шы­ларды атаулы мерекемен құт­тық­тап, Президент  алдында сөз сөй­леді. 

«Бүгінде саясаттану және халық­аралық қатынастар маман­дығында білім алудамын. Сіз тәуелсіз Қазақстанның барша пер­зенттерінің үлкен өмірдегі тұ­сауын кесіп, жаһандық дең­гейде бәсекеге қабілетті ұрпақ тәр­биеледіңіз. Сіз «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаңызда баба­ларымыздың ұлы жетістіктерін атап өттіңіз. Енді бір айдан кейін Жастар жылы басталады. Бізге бұрынғыдан да зор мүмкіндіктер  ашылады. Осының барлығы үшін Сізге мың да бір алғыс! Осыдан 17 жыл бұрын еңселі елордамыз – Астанада Сіз тұсауымды кескен едіңіз. Мен бүгін біздің әулеттің тұмары секілді әрдайым төрде ілініп тұратын мына суретті өзіңізге ала келдім. Сіз мені әуелете көтеріп, «азамат бол» деп бата беріпсіз. Мен осы мотивациямен өмір сүріп, өзіңіз айтқандай, мықты азамат болуға, елім үшін қызмет етуге уәде беремін», деді А.Сатылхан.

Бұдан соң А.Камалдинова биыл Назарбаев зияткерлік мек­тептері түлектерінің Ассоциа­циясы құрылғанын айта келе, Мем­лекет басшысына Ассоциа­ци­я­ның құрметті мүшесі белгісін табыстады. Сондай-ақ оқушылар Елбасына «Уақыт капсуласын» ұсынып, аталған мектеп түлектеріне аманат хатын жазып қалдыруды сұрады. 

«Бұл – 2068 жылғы ұрпаққа арналған аманат хат. Қазақта «Елу жылда ел жаңа» деген сөз бар. Ол кезде жаңа технологиялар мен жаһандық өзгерістер болады. Еліміздің жаңа жетістіктерін сол кезде көресіздер. Ұлы дала мұрагерлері ретінде бұл хатты оқи отырып, ел дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар», деді Нұрсұлтан Назарбаев. 

«Мектептерге күн энергиясы» жобасы іске қосылды

Форум барысында Энергетика министрлігі, Астана әкімдігі, Назарбаев зияткерлік мектептері және «Шелл Қазақстан» компаниясы  бірлескен «Мектептерге күн энергиясы» жобасы іске қосылды. Бұл жоба мектептерде күн жүйесін  орнату арқылы энергияға деген тәуелділікті азайтуға үлес қосады. Аталған жоба мектептің электр қуатын едәуір үнемдеуге мүмкіндік беріп, өндірілген артық электр энергиясын қалалық желіге таратуға жағдай жасайды. 

«STEАM – білім беру әдіс­терін белсенді іске асыратын «Мек­теп­терге күн энергиясы» жобасының маңызы ерекше. Зияткерлік мектептер тұрақты дамудың бар­лық артықшылықтарын, со­ның ішінде энергияның балама көз­дерін таратуды қолдайды. Оқу орындарында күн фотоэлектрлік жүйесін енгізу стратегиялық тұрғыдан орынды деп білеміз. Өйткені тек мектеп қана табиғи ресурстарға ұқыпты қарауды және экологиялық жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді», деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова.

Қазақстан Президенті бұл STEАM білім беру әдісі өнер­тап­қыш­тардың жаңа буынын қалып­тастырудың негізгі көзі екенін атап өтті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы зияткерлік мектептердің 10 жылдық мерейтойы дамудың жаңа кезеңі екенін айтып, елі­міз­дің өркендеуі жолындағы жаңа ауқымды жетістіктердің бастауы болатынына сенім білдірді.

«Қазіргі кезде терең білім алу, шет тілдерін және заманауи техно­логияларды меңгеру – бәріміз­дің басты міндетіміз болуға тиіс. Мен сіздерге үлкен үміт артамын. Сол үміт орындалатын болсын», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»