Үкімет, тарт қолыңды Kaspi-ден: Ақша аударымына салық халық наразылығын тудырды

1

Ақша аударымдарына салық салу туралы жаңалық халықтың наразылығын тудырды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смаилов ақша аударымдары нақты қай банкқа тиеселі екенін атаған жоқ. Сөйтсе де әлеуметтік желі қолданушылары бұл өзгеріс халық арасында ақша аударымы бойынша ең танымал Kaspi.kz қосымшасына қатысты деп отыр.

Экономист Мақсат Халық KzNews тілшісіне: «Дәр қазіргі уақытта карта аударымдарына салық салу дұрыс емес деп есептеймін. Себебі, көлеңкелі экономика өсіп тұр. Ол ЖІӨ-нің 30 пайызын ұстап отыр. Жалпы ішкі өнім бізде 70 триллион теңге десек, мұның 30%-ы 21 трлон теңге қаражат. Бұл қаражат аударымдарда дұрыс көрсетілсе, ашық болса, чек болса, әрине бюджеттің түсімі артатын еді, бюджет тапшылығы жабылатын еді. Біз ұлттық қордан аударымдар жасамайтын едік. Сондықтан, бұл мәселе өте маңызды. Карта аударымдарына салық осы көлеңкедегі ақшаның ашыққа шығуына үлкен септігін тигізеді. Сондықтан бұған салық салудың қажеті жоқ. Егер салық салатын болсақ, онда азаматтар карта аударымдарынан автоматты түрде кетіп, қолма-қол ақшаға, басқа да жолдарға барады. Бұл көлеңкелі экономикалық үлесін одан әрі арттырады. Қазір салық салудың жөні жоқ. Менің ойымша 3-5 жылдан кейін барып экономикада өсім болғанда ғана осы мәселені қайта көтеруге болады» дейді.

«Каспи банк бюджетке орасан зиян келтіріп жатыр екен. Сол себепті енді Каспидің әр аударымына салық салынбақ. Тарт қолыңды Каспиден!» деп жазды журналист Оңғар Қабден.

Болат Мүрсәлім: «Қазір дүкен, такси, кафе сияқты жердің бәрінде дерлік Каспи бар, ел ақшасын сонымен төлеп жатады. Жаңа жылдан бері балаларға да карта аша бастадық. Ал, Қаржы министрлігі сол ақша айналымы түсімге саналып, одан салық төленуі керек деп есептейтінін бір рет айтқан еді. Ел шу ете түсті де, басылып қалды. Бірақ, күндердің күнінде бұл мәселе тағы талқыға түсері анық. Рас, ақшаны аудара салған жеңіл, оңай. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне де бұл ыңғайлы. Өйтіп аударған заңсыз деуге келмейді, бәрі заңды. Дегенмен, ол түсім ретінде саналмай, миллиардтаған сомадан салық салынбай жатыр. Сіздер қалай ойлайсыздар: болашақта ақша аударған әр операция тіркеліп, одан салық алғаны дұрыс па, жоқ па?» көкейіндегі сауалын қойып жатыр.

Ал, Берікбол Төлеген ақша аударымдарын бақылау адам құқығына қол сұғу деп есептейді.

«Жаппай болса, ол тиімсіз. Бұл жерде мемлекет немесе банк тарапынан нақты іс-әрекет керек. Мысалы, жеке тұлға каспи голдты қандай мақсатқа қолданады? Ол үшін әр адамның счетын немесе аударымын аңду қажет емес және ол адам құқығына қол сұғу болады. Сол үшін төмендегідей шарттар болуы керек. Егер күнін 25-тен айына 100-ден аса поступление болса (перевод есептелмеуі керек); айына поступление — 2 млннан жоғары болса, ол адам оны коммерциялық мақсатқа пайдаланып отыр деген сөз. Сонда ғана олар автоматты түрде (НДС-ке өткендей) коммерциялық счетқа өтіп кетуі керек. Ал барлық адамдардың счетына бақылау жүргізсе адам құқығы бұзылады және адамдардың қайтадан қағаз ақша ұстауына алып келеді» дейді Берікбол Төлеген.

Қазақстандықтардың өмірін жеңілдетіп, қолайлы техникалық мүмкіндік жасаған жалғыз банктың аударымдарын бақылау зат бағасына әсер етіп, комиссия мен салық тауар бағасының көтерілуіне әкеліп соғуы мүмкін.

Кәсіпкер емес қолданушылар бұл салық өздеріне де еніп кете ме деп алаңдайды.

«Каспидегі ақшамыз, салығы ұсталып барып қолымызға тигені ғой. Одан тағы салық ұстауға келмейді. Ал кәсіпкерлерге төлемді қосымша арқылы аударсақ, олардан ұстағаны дұрыс қой» дейді Ержан Жақып.