Шоу-бизнес өкілдері Динара Сәтжан мен Баян Алагөзова әлеуметтік желідегі «емшіге» қатысты заң аясында шара қолданбақ. Олар Ақтөбедегі блогер әйелдің әрекеттеріне құқықтық баға берілуі тиіс екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Динара Сәтжан Instagram-парақшасында өзін қорлап, жалған ақпарат таратты деген интернет-емшіге қатысты Ақтөбе облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне сұрау жолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, блогер TikTok пен Instagram арқылы ақылы бата беріп, «қасиетті заттар» мен БАД өнімдерін сатып жүр. Тележүргізуші әлеуметтік желі арқылы жиналатын қаржының заңдылығына күмән келтірді.
Ал Баян Алагөзова әріптесін қолдап, блогердің ұзақ уақыттан бері эфирлерде жала жауып, қорлаумен айналысып жүргенін айтты. Продюсер бұл мәселемен заңгерлер айналысып жатқанын жеткізді.
Әлеуметтік желі қолданушылары сөз болып отырған адамның Ақтөбелік Бағдагүл есімді блогер екенін жазуда. Бұған дейін ол TikTok-та Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанды сынап, олардың жеке өмірі мен қызметі туралы өткір пікір білдірген еді.