Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Баян Алагөзова әйгілі КешYOU тобының тарихындағы ең даулы кезеңдердің бірі туралы естелігімен бөлісті, деп хабарлайды kznews.kz.
Продюсер топ құрамында болған Ақбота Сейтмағанбет пен актер Дәурен Айдарқұлов арасындағы қарым-қатынастың шығармашылық ұжым жұмысына қалай әсер еткенін айтты.
Баян Алагөзованың сөзінше, бір күні Ақбота Дәуренмен бірге келіп, жағдайды ашық талқылауға мәжбүр болған. Продюсер сол сәтті еске алып:
«Бота келіп тұр. Бір бұрышқа тығылып тұрды. Жанында Дәурен бар... “Енді не істейміз? Ақша құйылып қойған. Кешью жұмыс істемей тұр...” дедім», – дейді.
Оның айтуынша, ол актерге топтың жұмысы тоқтап қалғанын айтып, мұндай шешімнің салдарын түсіндіруге тырысқан. Әсіресе, Ақботаның ол кезде әлі өте жас болғанын атап өткен.
«Дәурен сен 40 жастасың. Ол 18-де... Бұл – менің тобым. Сен не бүлдіргенің туралы ойландың ба?» – деген продюсер жағдайдың өзіне ауыр тигенін жасырмады.
Өз кезегінде Дәурен Айдарқұлов болған жағдайға байланысты: «Шынымды айтайын ба? Басым айналып қалды...» деп жауап берген.
Баян Алагөзова бұл оқиғадан кейін топпен жасалған келісімшарт бұзылып, қаржы қайтарылғанын айтты. Оның сөзінше, бұл КешYOU тарихындағы мұндай жағдаймен аяқталған жалғыз оқиға болған.