Төрт ұшқыш коронавирусқа қарсы вакцинадан кейін көз жұмды — Қазнет
Қазнетте ұшу кезінде ұлыбританиялық British Airways әуе компаниясының төрт ұшқышы көз жұмғаны туралы жаңалық тарап жатыр. Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, олар COVID-19 қарсы вакцина салдырған және соның салдарынан қайтыс болған, — деп хабарлайды Stopfake.kz.
Портал мәліметінше, бұл — жалған ақпарат.
Бұл теорияның дәлелі ретінде пайдаланушылар Twitter-дегі хабарламаның скриншотын ұсынады. Онда әуе компаниясының ресми өкілдері қызметкерлердің қайтыс болғанын растайды. Бірақ бұл хабарлама контекстен үзіп алынған.
Шын мәнінде, бұл твитер пайдаланушылардың бірі жариялаған аудио жазбаға жауап болған, онда ер адам өзінің танысы — British Airways ұшқышы оған егілген әріптестерінің ауада жаппай өліп жатқанын және компания басшылығы СOVID-19-ға қарсы вакциналанған адамдарға ұшуға тыйым салу туралы шұғыл дағдарыстық келіссөздер жүргізуде деп айтқан.
«Өкінішке қарай, жақында біздің пилоттық қоғамдастықтың төрт мүшесі қайтыс болды. Олардың отбасыларымен, достарымен бірге қайғырамыз. Алайда, әлеуметтік желілерде айтылғандай, төрт өлімнің бір-бірімен байланысы бар деген пікірлер шындыққа жанаспайды», — делінген British Airways Twitter-дегі жауабында.
Ұшқыштар өлімінің ресми себептері хабарланған жоқ. Сондай-ақ, олар COVID-19-ға қарсы вакцина алды ма, жоқ па, бұл туралы да айтылмаған. Қайтыс болғандардың бірі бұған дейін COVID-19 өте ауыр түрімен ауырғаны және 243 күн бойы ауруханада жатқаны белгілі, біраз уақыт комада болған.
Дәрігерлердің айтуынша, ауру жалпы денсаулығына және көптеген ішкі органдары қатты әсер еткенін айтады. Ұшқыштың қайтыс болғанға дейін егілгені туралы хабарланған жоқ. British Airways әкімшілігі өлімдер арасындағы байланысты және компания вакциналанған ұшқыштарды рейстерге жіберуден қорқады дегенді жоққа шығарды.
Ұлыбританияның дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды реттеу агенттігі (MHRA) де вакциналанған ұшқыштарға ұшуға тыйым салу туралы шұғыл келіссөздер жүргізіліп жатқаны туралы қауесетті растаған жоқ.
«Біз British Airways ұшқыштарының COVID-19 қарсы вакцинадан кейін қайтыс болғаны туралы білген жоқпыз және BA немесе басқа әуе компанияларымен COVID-19 қарсы вакцинадан кейін ұшқыштардың ұшуына қалай тыйым салу керегі туралы мәселені талқыламадық», — деді ведомство өкілдері Reuters басылымына.
Сондай-ақ, компания да, басқа шенеуніктер де барлық ұшқыштардың әуеде қайтыс болғаны жайлы ешқашан айтқан емес.
Осылайша, British Airways қызметкерлерінің вакциналау салдарынан қайтыс болғаны туралы хабарламалар манипуляция болып табылады. Компанияның төрт ұшқышының көз жұмғаны рас, бірақ олардың өлімінің себептері мен вакцинация мәртебелері жайлы айтылған жоқ. Марқұмдардың бірі СOVID-19 жұқтырып, өте ауыр өткергені белгілі.