«Almaty Arena» мұз сарайында өткен «Домбыра үні» атты балалар флешмобы рекордпен аяқталды, деп хабарлайды kznews.kz. Алматы көктемнің әуезді ырғағымен мыңдаған бала жүрегін тоғыстырған бірегей мәдени оқиғаның орталығына айналды.
Жобаға дайындық бірнеше ай бұрын басталды. Арнайы музыкалық попурри жасау барысында дәстүрді әуендер мен заманауи ырғақтар ұштастырылды. Бағдарламаға Төлеген Мұхамеджанов пен Алтынбек Қоразбаевтың әндері, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері және Құрманғазының әйгілі «Балбырауын» күйі жаңа өңдеуде енгізілді. Сонымен қатар, қойылымға заманауи технология арқылы жасанды интеллект негізінде авторлық бейнемазмұн әзірленді.
Дайындық жұмыстары қала бойынша кең ауқымда өтті. 200-ден астам мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарында домбыра ансамбльдері құрылып, жобаға негізінен 7–10 сынып оқушылары қатысты. Бірнеше апта бойы мыңға жуық педагог 11 500 жас домбырашыны тарихи сахнаға дайындады.
Флешмоб барысында оқушылар бір оркестрге бірігіп, арнайы дайындалған музыкалық туындыны бір мезетте орындады. Мыңдаған домбыраның үні бір арнада үндесіп, жас ұрпақтың бірлігі мен өнерге деген құрметін айқын көрсетті. Ауқымы, жас таланттардың шеберлігі және ұлттық мәдениетке деген құрмет үйлескен бұл көрініс көрермендер мен қонақтарға ерекше әсер қалдырды.

Іс-шараның шарықтау сәті — рекордтың ресми тіркелуі болды. Алматы қаласы Білім басқармасының бастамасын Қазақстан рекордтар кітабы қолдады. Ұйымның бас редакторы Қуаныш Әмірқұлұлы Тазабековтің атына алдын ала ресми хат жолданып, барлық талаптың сақталуын қамтамасыз ету үшін сарапшылар іс-шараға арнайы қатысты.
Бұл жетістік былтыр Талдықорғанда тіркелген (5 000 қатысушы) көрсеткіштен асып түсіп, Алматының ұлттық дәстүрлерді сақтауда көшбасшылық ұстанымын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұған дейінгі рекордтар Атырауда (2010 ж. – 1 073 адам), Оралда (2010 ж. – 1 700 адам) және Астанада (2024 ж. – 3 200 адам) тіркелген болатын. Алматының жаңа көрсеткіші әлемдік Гиннес рекордына (2010 ж. Қытайда – 10 450 домбырашы) жақындап, ұлттық мәдениеттің әлеуетін паш етті.
