СҚО әкімі ауылда 3 күн қалай өмір сүргенін айтып берді — Қазақстан жаңалықтары
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов ауылда 3 күн қалай өмір сүргенін айтып берді. Бұған дейін ол облыстағы шалғай ауылдардың бірі Қулыкөлде жұмыс істеп жатқанын хабарлаған еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Құмар Ақсақалов Facebook желісінде жазды.
Әкім 3 күн өмір сүрген ауыл Петропавлдан 560 шақырым жерде орналасқан. Ол жерде тасқын суға қарсы штаб құрылған.
«Қулыкөл ауылында үш күннің ішінде біраз істің басы қайырылды. Тұрғындармен кездесіп, ауыл ақсақалдарымен де тілдестім. Олар облысымыздың ең шалғай ауылының тыныс-тіршілігі туралы айтып берді. Өңірдің ең алыс нүктесі болғанына қарамастан, бұл ауылда өмір қайнап жатыр. Тұрғындардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады, әр аулада кем дегенде 15-20 ірі қара мал бар. Малды мотоциклмен бағады», — деп жазады облыс басшысы.
Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары ауылда халық саны азаймаған. Жастар туған аулына қайтып келіп жатыр екен.
«Қазір ауылда 800 тұрғын бар. Соңғы жылдары халық саны азайған емес. Керісінше, жастар өз ауылына қайтып келуде. Бос тұрған үйлер жоқтың қасы. Ауылда балалар көп. Былтыр 1-ші сыныпқа 20 бала барыпты. Барлығы Қулыкөл мектебінде 200 оқушы бар. Ауыл мектебі үшін өте жақсы көрсеткіш», — дейді Ақсақалов.
Сонымен қатар ол аулына пайдасын тигізіп жүрген жергілікті кәсіпкерлерге алғыс білдірді. Солардың бірі былтыр тұрғындар үшін спорт кешенін салып беріпті.
«Қулыкөлде патриот азаматтар да баршылық. Жеке кәсіпкер Саян Мүбаракпен таныстым. Саян өзінің туған жеріне жаны ашитын азамат екен. Былтыр ол тұрғындарға спорт кешенін салып берді. Осындай бизнесмендерге алғыс айтамын. Кәсібін дөңгелетіп, халықты да ұмытпайды. Саян Мүбарактың жақсылығы көпке үлгі», — дейді СҚО әкімі.
stan.kz