Спортқа көңіл бөлу – ғимараттарды көбейту емес

0

Қазақстанда мәнерлеп сырғанаудан үміт артар спортшы саусақпен санарлық. Халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген Элизабет Тұрсынбаева, Айза Имамбек болмаса, ерлер арасында Денис Теннен кейін әзірге биіктен көрінген ешкім жоқ. Спорт алаңдарын, мұз айдындарын балаларға қолжетімді ету мәселесі ішінара шешімін тауып жатыр. Бірақ жаппай сырғанау болмаса, кәсіби мәнерлеп сырғанаушыларды даярлау проблемасы әлі де бар. Елдің ендігі бір үміті – Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жүлдегері, спорт шебері Рахат Бралинмен аз-кем әңгімелестік.

– Кейінгі жылдары жаппай сырғанау, жалпыхалықтық спорт­пен айналысуға көңіл бөліне бас­тады. Коньки, теннис үйірмелерінің бағасын қолжетімді ету мәселесі де шешімін тапқандай. Одан бө­лек, мәнерлеп сырғанауды дамы­туға не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Астананың тумасы болға­ным­мен, қазір Ресейде жат­ты­ғып жүрмін. Мәнерлеп сырға­науды бірінші рет бас қаладағы IceClub-тан бастадым. Жалпы, әрбір спортшы мо­ральдық, материал­дық жағынан болсын өз кем­ші­лігін жақсы бі­леді. Оны түзеу үшін, кәсіби шың­д­алуға маман­дардың көмегі ауадай қажет. Мә­нерлеп сырғанау – тек мұз үстінде музыканың ырға­ғымен билеу емес. Әрине, спорт­қа жан-жақты көңіл бөлу, оның ішінде жаппай сырғанауды қолға алып жатқаны қуантады. Спорт­шылардың же­ңісін жиі наси­хаттаған жақсы дүние. Бірақ тек жеңіске жеткен кезде ғана спорт­шы жайлы айтып, оған жету жо­лындағы кедергілер жойылмаса, жаппай спорт дамып жатыр деп айтуға әлі ерте. Спорт үйірме­лерінің бағасы қолжетімді болса, мың баладан он чемпион шығар еді. Конькидің бағасы, мұз ай­дын­дарының жалға алу ақысы­ның қымбаттығы да әсер етеді. Барлық баланың шетелге барып жаттығуға қаржылық мүмкіндігі жете бермейді. Сондықтан қай елде жаттықса да, Қазақстанның намысын қорғап жүрген спорт­шыларға көңіл бөлінуі қажет. Елде мықты мектеп қалыптасса, шекара асып, шығынданып жат­тығудың қажеті болмайды.
– Шетелде жаттығудың артықшылығы қандай?
– Мәнерлеп сырғанауды мең­геру мен мұзда өзіңді игеру – бір-бірінен ажырамас дүние. Маған шетелде жаттығу көптеген мүм­кіндікке жол ашты. Бұрын-соңды өзім байқамаған, білмейтін кем­шіліктерімнің көптігі бірден байқалды. Жеңіске жетуге құл­шы­нысым арта түсті. Тәжірибе жинауға көп көмегі тиді. Қай елде жаттықсаң да, жарыстың ха­лықаралық стандарт талаптары бірдей. Сондықтан жетістікке жету үшін ең мықты мектептен өткеннің жөні бөлек. Біз үшін мұз айдында ұзақ уақыт шыр көбелек айналып сырғанау емес, санаулы уақытта күрделі трюктер жасап ұпай жинау маңызды. Шетелдік мамандардан үйрене­ріміз көп. Мықтылардың тәжі­ри­бесін көрмей, білмей кемші­лігімді байқамайды екенсің. Шетелде жаттыққан спортшылар түптің түбінде Қазақстанның мәнерлеп сырғанау мектебін дамытады деп ойлаймын.


– Күніне қанша уақыт жат­тығасыз?
– Үш сағат жаттығамын. Оның ішінде бір жарым сағат жат­тығуға, жарты сағат уақы­тым биге кетеді. Музыканы өзім таңдаймын. Әрбір қимылды му­зыкамен сәтті үйлестіруге ты­рысамын. Қойылым сәтті шығу үшін жаттығуды мұз айдында мың рет қайталасаң да артық емес. Музыканың ырғағына ел­тіп, күшке сеніп, тосын қимылдар жасау сәттілік әкелмейді. Түр-тұлғаң, көңіл күйің, спорттық киі­мің – бәрі айнадағыдай анық көрініп тұрады. Мұз үстінде құ­лап жатсаң да, қиналған эмо­цияны сыртқа шығаруға, жеңіліс тапқандай ұнжырғаңды түсіруге болмайды. Әсіресе, жалт бұры­лып, күрделі трюктер жасайтын шақта қателік жіберсем де, құламауға әрекет етемін.
– Біздің мәнерлеп сырғанау­шылар Мәскеу, Торонта, Сеул, Токиоға жаттығуға жиі барады. Жаттығуға байланысты ма, әлде жаттықтырушыға ма?
– Қазір Евгений Плющенко, Александр Волков, Мартин Да­жанэнің жаттықтыруымен жа­рыс­тарға қатысып жүрмін. Евге­ний «ерік-жігерің мықты, ха­ризмаң күшті, бірақ мықты әдістерді меңгерсең де, жарыста қобалжымау керек» деп үнемі ескертіп отырады. Сіз айтқан спорт мектептерінде қаншама спортшы бар. Бірақ оның бәрі бірдей әлемге танылған чемпион емес. Сондықтан бабы мен бағы қатар жанған спортшы жеңіске қол жеткізеді. Мықты жаттық­ты­рушының шәкірті осал спортшы болуы да мүмкін. Керісінше, еңбекқор, талабы таудай спорт­шы мықты жаттықтырушының мектебінен өтсе, өзін-өзі шыңдау арқылы жеңіске жетуі мүмкін. Өз басым еңбек, ынта, талап қана мақсатыма жеткізеріне сенемін. Маңдай термен жеткен жеңіс қана қуаныш сыйлайды.
– Әлемге танымал әріптес­теріңізбен жиі араласып, тәжірибе алмасып тұрасыз ба?
– Әрдайым көңілді жүремін. Достарым көп. Бұрын теледидар­дан көретін әлем чемпионда­ры­мен қазір бірге жарыстарға қаты­сып жүрмін. Армандар орын­далады екен. Өмірде, әрине, жиі араласып тұрамын. Біз мұз айдында бәсекелес болғанымен, өмірде достармыз. Бір-бірімізден үйренеміз. Мұз айдындағы қате­ліктердің себебін сұраймыз. Евгений Плющенко, Жена Мед­ведева, Алина Загитова, Адьян Питкеев, Сергей Воронов, одан басқа да мәнерлеп сырғанаушы достарым көп. Достарым, оның ішінде кәсіби спортшылардың айтқан сынынан қорытынды шығаруға тырысамын. Сырткөз бірден байқайды. Сондықтан кемшіліктерімді қайталамауға тырысамын. Өзімді шыңдаймын.
– Сіз үшін мұз үстінде ең қиын трюк қайсы?
– Әзірге аксель, яғни шеңбер жасап сырғанап келе жатып, жоғары секіріп, аяғыңды мұзға тигізбей, әуеде 2-3 рет айналып, құламай қайта қону. Сырткөз мұз үстінде сырғанап келе жатып секіру – шоу ретінде ең әдемі трюк болып көрінгенімен, спорт­шы үшін ең қауіпті қадам. Мә­нерлеп сырғанаушы үшін мың­даған көрермен тамашалап отыр­ғанда мұз айдында құламай, сәтті қону – бір бақыт. Құстай ұшқан­мен, мұзда жалп етіп жығылсаң, бүкіл еңбек далаға кетеді. Сол себептен, әрбір күрделі трюктерді жасар алдында ұзақ ойланамын. Әсіресе, бірнеше трюкті бір мез­гілде жасап үлгеруге ұмтылып, ел­ді таңғалдырамын деп сәтсіз­дік­ке ұшырамасам деймін. Оған қарағанда өзім жасай алатын трюк­пен ел намысын қорғауды үл­кен абырой санаймын. Ха­лық­аралық жарыста сүрінсең, келесі жарысқа дейін өткен кем­шілігіңді көрермен ұмытпайды. Әділқа­зы­лар «өткен жарыстағы қателігін қай­таламайтын бо­лар…» деп сын көзбен қарайды. Жат­тық­тыру­шым «бүкіл ел саған сеніп отыр» деп үміт артады. Ар­маным – Олим­пиаданың алтын медалін иелену.
– Әр спортшы өз елінде өзін еркін сезінеді. Шетелде өтетін жарыстағы сәтсіздіктер тәжі­ри­бенің аздығынан ба, әлде жеңіске жету көңіл күйге байланысты ма?
– Оныңыз рас. Жарыс өтіп жат­қан елдің климатына бейім­делу үшін, жарыс өтетін мұз ай­дында күні бұрын жаттығамыз. Барлық мұз тақтайдай тегіс болса да, спортшы қас пен көздің ара­сында сүрінуі мүмкін. Кейде бұған дейін алған жарақаты сыр береді. Көңіл күйі болмаған­дық­тан, ойдағыдай нәтижеге қол жеткізе алмай жатады. Қарсылас­тарының атақ-дәрежесі жоғары болса, психологиялық тұрғыдан ол да әсер етуі мүмкін. Павлодар, Қа­рағанды, Орал, Астана, Алма­ты, Ақтөбе қаласында өткен жарыстарда 1-орын иеленгенде өзіме сенімім арта түсті. Дегенмен әлемдік жарыстарда бұрынғы нәтижемнен жоғары көрсеткіш көрсете алсам екен деп жүрек­сініп тұрамын. Ригада өткен Volvo open cup – 2018 турнирінде 3-орын, С­тамбұл, Дубайда өткен жа­рыста 1-орын, бүгін Хорватия­ның Загреб қаласында өткен Golden Spin – 2018 халықаралық байқауында 3-орынды иелен­генде қа­нат біткендей, өзіме сенім пайда болды. Өмірде кө­ңілді жүрген ұнайды. Сәтсіз­дік­терді жүрегіме жақын қабыл­дағанмен, келесі жолы қайта­ламауға тырысамын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Майра ЖАНЫСБАЙ