Отанға төнген қауіп: Ресей 8 млн гектер жердің астаң-кестеңін шығарып жатыр — Саясаттанушы

0

Саясаттанушы Расул Жұмалы Қытай мәселесін алдыңғы кезекке шығарып отырғанда, нағыз қауіптің келіп қалғанын ұмытпайық деген сыңайда мәлімдеме жасады.

«Қытай қаптады деп жүріп Отанға төнген басқа қауіпті жіберіп алып жүрмейік. Рас, Қытай әсіресе соңғы 4-5 жылда Шығыс Түркістандағы (қытайша Шыңжан) қазақты қысып жатыр қытайландыру саясаты аясында.

Рас, талай адами қасірет орын алғаны толғандырады. Екінші жағынан көрші елдегі қандасқа ақыры осылай болатынын сол 1990-жылдарда Нұрсұлтан Назарбаев, Мұрат Әуезов, Қабдеш Жұмаділев, Қойшығара Салғариндер, бертін келе Дос Көшім бастаған біздер қаншама ескерттік. Алайда кейбірі ғана қайтып, көпшілік құлақ аспады пендешілік себеппен. Ал енді іс насырға шапқанда 19 миллиондық Қазақстан, оның жартысы орыстілді, 1,5 миллиард Қытайға қарсы не істемек керек?

Тәуекелдер мәселесіне оралсақ. Бүгінде ресми түрде сол Қытайың Қазақтың 1 шаршы гектарын жалға алып отырған жоқ. Ал ешкім елемейтін Ресей 8 миллионнан астам Қазақ жерін күнара астаң-кестең етіп жатыр. Осы сұмдық жайлы кім айтуда? Қытайдың Қазақстанда бір полигоны жоқ, Ресейдікі — кезінде киелі тұтас Семейді қан-жоса етіп жабылғанын санамағанда әлікүнге шейін бесеу.

Қытай Қазақстан тәуелсіздігін мойындайды, Ресей — Қазақ тарихының өзін шекарасымен бірге жоққа шығарады. Осы жазғаным Қытай қаупін жоққа шығаруды еш білдірмейді. Мен де қатты алаңдаушылық танытамын. Бірақ өз басым әркез әділдікке жақпын. Ендеше түймедейге шүйлігіп, түйедейді байқамағансу, елдің ашуын Ресейді ұмытқызып Қытайға бұру — бұрыс қана емес нағыз арандату» дейді Расу Жұмалы.