Қоғам қайраткері әрі әнші Бекболат Тілеухан журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында өзіне көрсетілген қысымдар жайлы айтып, бұл жағдайлардың қандай себептерге байланысты болғанын түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Сұхбаттың әлеуметтік желілерде тараған үзіндісінде журналист Бекболат Тілеуханнан кезінде қандай қысым көргенін сұраған. Қоғам қайраткерінің сөзінше, оған айтылған сынның бір бөлігі діни көзқарасына және көпшілік алдында білдірген пікірлеріне байланысты болған.
«Намазыма тиісті, сөйлеген сөзіме де тиісті. Қай жерде көп сөйлесем, содан мін іздеді», – деді Бекболат Тілеухан.
Ол сондай-ақ көпшілік алдында өз ойын ашық айтуының да түрлі сынға себеп болғанын атап өтті. Оның пікірінше, адам көп сөйлеген сайын айтқан сөзінің арасынан қате немесе даулы тұсты іздейтіндер көбейеді.
Сұхбат барысында Бекболат Тілеухан журналистің сұрақ қою тәсіліне де әзілмен тоқталды. Ол жүргізушінің қонақты ұзақ сөйлету арқылы белгілі бір сөзін бөліп алып, кейін соған баса мән беруі мүмкін екенін айтты.
«Сен де маған қысым көрсетіп отырсың. Адамды шақырып алып, көп сөйлете бересің. Көп сөйлеген соң сөзден сүрінесің, содан кейін сол тұсын теріп аласыңдар», – деді ол.
Бұған жауап ретінде журналист Аман Тасыған сұхбат барысында айтылған сөздердің еш бұрмаланбай берілетінін жеткізді.
«Қалай бар, солай беремін. Уайымдамаңыз», – деді журналист.
Сұхбат үзіндісі әлеуметтік желіде тарап, Бекболат Тілеуханның бұрынғы кезеңдердегі қоғамдық қызметі мен көзқарастарына қатысты пікірталасқа себеп болды.