Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында Қазақстанның екі азаматы қаза тапты. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады.
Ведомство мәліметінше, қазір жергілікті құзырлы органдар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу жүріп жатқандықтан, қосымша ақпарат әзірге жарияланбайды.
Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың отбасыларына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Дипломаттар құжаттарды рәсімдеуге және БАӘ құзырлы органдарымен байланыс орнатуға жәрдемдесуде.
СІМ қаза тапқан А. Б. және Ж. Б. есімді азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, отбасыларымен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, 2004 және 2006 жылы туған екі қыз Шарджа қаласында жұмыс істеген. Олар тамыз айының соңы немесе қыркүйектің басында Қазақстанға қайтуды жоспарлаған.
Алайда шамамен бір апта бұрын қыздар жақындарымен байланысқа шықпай қалған. Кейін туыстарына олардың денелері табылғаны белгілі болған.
Отбасы өкілдерінің сөзінше, қыздар пышақ жарақатынан көз жұмған болуы мүмкін. Сондай-ақ туыстары оқиғаға қатысы бар күдіктінің ұсталғанын және оның Қазақстан азаматы болуы ықтимал екенін айтқан.
Дегенмен қыздардың нақты неден қаза болғаны, күдіктінің ұсталғаны және оның азаматтығы туралы мәліметтерді ресми органдар әзірге растаған жоқ.
Әлеуметтік желілерде марқұмдардың жақындары қыздардың денесін Қазақстанға жеткізуде қиындық туындағанын айтып, көпшіліктен көмек сұраған.