«Не түрімді, не үнімді таппай қалсаңыздар, себебі белгілі»: Ақбота Керімбекова даулы мәселеге нүкте қойды

0

Ұлттық арнада болатын музыкалық жобалардағы мәселені көтерген Ақбота Керімбекова үндеуіне қатысты қорытынды жасады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Айта кетейік, мәдениет қайраткері ұлттық арна басшылығына үндеу жасаған еді.

“Жексенбі кешіндегі “жекпе-жекке” де, міне, бүгін 3 күн, 3 түн өтіпті. Ұлттық арна арнайы мәлімдеме жасады. Динаражан араға пәлен адам салып, шайға шақырып, тыңдауымды, түсінісуімді сұрады. Мен “Бүгін балағаттаған адаммен ертесі дым болмағандай шай ішіп отыра алмайды екенмін, біз халық арасында жүргенімізбен, намысқоймыз!” деп жауап бердім. Онымды дұрыс деп есептеймін. Басқарма төрайымы Лаззат Танысбай да арнайы кездесуге шақырған екен. Оқиғаға тікелей қатысы болмаса да, ұлтқа ортақ арнаның тізгінін ұстап отырғаннан кейін, мәселеде ұлт арнасының аты аталғаннан кейін бей-жай қарай алмағаны ғой, аман болсын!”, – деп жазды әнші.

Сондай-ақ қолдау білдірген барша оқырман қауымға алғыс білдірді.

“Жалпы, менің үндеуіме, оның айналасындағы мен жариялаған жазбаларға 20 мыңға жуық адамның реакциясы білдіріліп, 5 мыңға жуық адамның пікірі топтасыпты. Өз stories-теріне бөліскендердің де саны 1000-дап саналады. Бұл дегеніміз көптің көкейінде жүрген телеарна мәселесіне қоғамдық ой қозғалғанын білдіреді. Дей тұрғанмен, нақты шешім, сан-саққа жүгірген ойға тоқтам болатын нәтиже көрмедім. Әркім өз түсінгенімен ой қорытып жатыр. Болашақта мені мемлекеттік арналардан көре алмай қалсаңыздар, не үнімді, не түрімді телеарна-радиолардан таппай қалсаңыздар, оның ненің себебінен екенін іштей ұға бересіздер ғой!”, – деді өнер иесі.

Еске салайық, Ақбота Керімбекова ұлына қысым көрсетіліп жатқанын айтқан еді.