Тараз қаласында анасы мен ағасынан айырылған оқушы қыз әкесін сотқа беріп, одан алимент өндіріп алды, деп хабарлайды kznews.kz.
2008 жылы қыздың әкесі нотариалды түрде ата-ана құқығынан бас тартқан. 2018 жылы оқушы қыздың анасы мен ағасы қайтыс болып, содан кейін ол әжесінің қолында тәрбиеленіп, толықтай соның қарауында болған.
Әкесі қызына ешқандай материалдық көмек көрсетпеген әрі онымен байланыс орнатудан бас тартқан. Қыздың айтуынша, ол көмек сұраған кезде әкесі телефон нөмірін бұғаттап отырған. Қыздың оқуына және тұрмысына қажетті барлық шығынды әжесі көтеріп келеді, алайда қаражат тек ең қажетті дүниелерге ғана жетеді.
Алимент өндіру туралы талап арызбен сотқа жүгінген оқушы қаржылық қиындықтарды алға тартқан. Әкесі алиментті аз мөлшерде төлеуді сұрап, басқа некеден төрт баласы бар екенін және несие міндеттемелерін алға тартқан.
Алайда сот оның еңбекке қабілетті екенін және бірнеше кәсіптен табыс табатынын анықтады.
"Бір қызығы, сот шешімі шығарылған күні жауапкер кәсіпкер ретінде тіркеуден шығып, оған дейін төрт балаға әке болуды ресми түрде тіркеген. Сот мұны алимент көлемін жасанды түрде азайту әрекеті ретінде бағалады", – делінген хабарламада.
Тараз қалалық соты әкені қызы мектепті бітіргенге дейін ай сайын 17 АЕК (66 844 теңге) көлемінде алимент төлеуге міндеттеді.