«Нан, макарон үшін несие алады»: Депутат Ерлан Сайыров халықтың кедей екенін айтты
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров халықты несиелендіру мәселесі азаматтардың кедейлігіне байланысты екенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәжілістегі парламенттік тыңдаулар кезінде депутат билік жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңның нәтиже бермегенін айтты.
«Банкроттыққа өтінім берген 68 мың азаматтың 5,5 мыңы ғана мақұлданды. Елімізде несие алу серпіні артып келеді. Тек бір айдың ішінде 2,5 млн азамат несие алды, ал кредиттік берешек 8,9 трлн теңгеге жетті. Азаматтарды несие ала береді деп айыптауға болмайды, олар кедейліктен, нан, макарон және ет сатып алу үшін несие алуға мәжбүр. Біз қазір себеппен емес, нәтижемен күресіп жатырмыз», – деді депутат.
Қазақстанның қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекет алдында барлығын банкрот деп тану міндеті тұрмайтынын айтты. Сонымен қатар ол несиелерді жиі алу мәселесі халықтың табысының төмендігінде екенін мойындады.
«Бізде жыл сайын халықтың табысын 20-30%-ға арттыруға мүмкіндік беретін жоспар бар. Бюджетіміз әлеуметтік бағдарланған, барлық шығындардың 46%- ы әлеуметтік төлемдерге жұмсалады. Кірісті арттыру мәселесін бірден шеше алмаймыз. Басты мәселе – азаматтарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету», – деді қаржы министрлігінің басшысы.