Мені асырап алыңызшы деді: Ерлі-зайыптылар 6 баланы бауырына басты

0

Қарағандылық ерлі-зайыптылар балалар үйінен 6 қыз баланы асырап алды. Өздерінің 2 ұл бір қызын қосқанда 9 баланы тәрбиелеп отыр. Әп сәтте көпбалалы отбасыға айналып шыға келген қарағандылық Николай мен Татьяна қыздардың болашағына дұрыс бағыт беруді армандайды. Ананың мейірі мен әкенің ыстық пейіліне тарығып өскен балалар да өзара тату-тәтті  ғұмыр кешуде.

 

Ксения, Настя, Карина, Алина, Мария және Луиза. Алты қыздың тағдыры алуан түрлі. Қай қайсы да өмірдің кермек дәмін ерте жастан татқан. Сансыз соқпаққа ұрынса да, қыздардың салы суға кетпеді. Тағдырға өкпелеп, тауы шағылмады. Бір бақыттың келерін сезіп, іштей үнсіз күтумен болды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

НИКОЛАЙ СОБОЛЕВСКИЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

«Балалар үйінің тәрбиеленушілерін асырап алу қызымыз Нинельдің идеясы болды. Бала кезінен анасының жұмысына барып жүрген ол, көп ағайынды болуды армандайтын. Кейін жұбайыммен ақылдасып, бір бала жеткіліксіз деген ұйғарымға келдік. Осылайша, бірден алтауын асырап алдық».

 

Николай есімді қаһарман бұл. Батыр деуімізге негіз бар. Өзінің 2 ұл бір қызынан бөлек, тағы 6 баланы бауырына басу ерлік емей немене?! Оларға лайықты тәрбие беріп, қияға қондыру да қаншама жүк. Бірақ жұбайы екеуі мұндай жауапкершілікке саналы түрде бардық дейді.

ТАТЬЯНА СОБОЛЕВСКАЯ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

«Балалар үйіндегі мен жұмыс істеген топқа Алинаны жақында асырап алатынымды айттым. Қызым болады дедім. Маша сол күннен өзгере бастады. Алинамен ұрысты. Ештеңе түсінбедім, өзімен сөйлесейін дедім. Сол кезде «мені де асырап алыңызшы» деп жылады». Ол маған құжаттарды көрсетті. Бұл жерден алып кетемін деді. Алина мен Машаның да бірге баратынын айтты. Кейін заттарымызды жинап, көшіп келдік».

Ерлі-зайыпты Соболевтер бұған дейін де Анар есімді бойжеткенге қамқорлық жасаған. Ресми түрде асырап алмаса да, ата-ана махаббатына бөледі.

ТАТЬЯНА СОБОЛЕВСКАЯ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

«Біз Анар есімді қызымызға ресми түрде қамқорлық жасамадық. Тек оған көңіл бөліп, жақсы көрдік. Мейірім сыйладық. Анар біздің балалармен қатар өсті. Жұбайым екеуміз қызымыздың бақытты болғанына қуаныштымыз. Қазір ол 37 жаста, тұрмыста, 4 баланың анасы».

Николай  Құтқару бөлімшесінде бас құтқарушы болып қызмет етеді. Қыз баланың өмірінде әкенің рөлі маңызды екенін түсінеді. Сондықтан да қорғансызға қамал боламын деп шешті.  Шағын отбасыдан үлкен әулетке айналған шаңырақ мына үстел басында үбірлі-шүбірлі болып басқосуды армандаймыз дейді.