Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың Дубайда білім алып жүрген қызы Әдемі Тұрсынбекқызы әлеуметтік желіде соңғы жағдайға қатысты ойын жазды, деп хабарлайды Kznews.kz тілшісі turkystan.kz сайтына сілтеме жасап.
Желі жазбасында Әдемі бұл тақырыпқа байланысты фото не видео жариялағысы келмейтінін айтып, Дубайды қауіпсіз ел ретінде қабылдайтынын жеткізген. Сондай-ақ ол оқу процесі 8 наурызға дейін онлайн форматқа ауысқанын атап өтіп, өзін «карантиндегідей» сезініп жүргенін жазды.
"Дубайдағы соңғы жаңалықтарды естіген шығарсыздар. Бірақ мен бұл туралы фото не видео салғым келмейді. Бұл елде 5 жыл тұрып, қаншалықты қауіпсіз екенін жүрегім сезеді. Сабақ 8 наурызға дейін онлайн. Өзімді карантиндегідей сезініп жүрмін", – деп жазды ол.
Әдемінің айтуынша, үнемі қозғалыста жүріп үйренген адам үшін уақытша тоқтап қалу оңай емес.
"Күнде жоспар қойып, үнемі қозғалыста жүретін мен үшін тоқтап қалу қиын екен. Істейтін нақты нәрсе болмаған кезде өзімді біртүрлі сезінемін", – деді ол.
Сонымен қатар ол оқырмандар тарапынан жиі қойылатын “неге елге қайтпайсың?” деген сауалға да жауап бергенін жазды.
"Мен қайтқым келмейді дейсіздер ме? Ата-анам әр 5 минут сайын хабарласып, уайымдайды. Сонда да үйге, отбасыма қатты қайтқым келеді. Егер отбасым жанымда болса, өзімді әлдеқайда қауіпсіз сезінер едім. Ал менің халімді сұрап, уайымдағандарыңызға рахмет. Менде барлығы жақсы", – деп жазды Әдемі Тұрсынбекқызы.