Ішерге тамақ таппай қалдық: Екі баламен қаңғырып қалған қазақстандық әйел көпшіліктің көмегіне зәру (видео)

0

Екі баласымен далада қалған қазақстандық азаматша Бердиева Қызжібек көпшіліктің көмегіне зәру. Үй-күйсіз қалған ана ауру ұлына мүгедектік ала алмай жүр. Пәтер жалдауға қаражаты жоқ. Жалғыз басты ана Stan.kz ақпарат агенттігіне басынан өткен тағдырын баяндап берді.

«Мен, Бердиева Қызжібек. Ұлтым — қазақ. 1981 жылы өмірге келдім. Бір қыз, бір ұлым бар. Қызым 15 жаста. Ұлым 7 жаста. Алайда ұлым ауру болып өмірге келді. Ұлымның емі үшін деп басымдағы үйді сатып жіберген едім. Содан далада қалдым. Қанша пәтер жалдап тұрдық. Қызым 8-сынып оқиды.

Осы уақытқа дейін 12 мектеп ауыстырды. Сабағы тұрақты болмай кетті. Тұрақты мекен-жайымыз болмағандықтан әр жерде бір бас сауғалап жүрміз. Пәтерден пәтерге көшіп келдік. Қазір пәтерге төлейтін ақшам жоқ. Пәтерлер қымбат. Сондықтан далада қалдым. Жұмысым болмағандықтан, ұлым ауру болғандықтан пәтерге де ешкім алмайды», — деді ол. 

Айтуынша, өзі жұмысқа шыға алмайды. Басындағы қуықтай баспанасын қҰлының күтіміне қарайды. Ұлы ауру болғанымен мүгедектік берілмеген. Ол үшін тұрақты тіркеуде болу керек екен. Тамаққа ақша таппай отырған ана құжат рәсімдеуге ақша таба алмай жүргенін айтты. Одан бөлек пәтер жалдап, ұл-қызым киім-кешек алып берсем дейді. Қазір Алматы облысында әр жерге көшіп-қонып жүр.

«Әкімдіктерге барып көрдім. Журналистерге барып көрдім. Мешіттерге бардым. Көмек болмады. Ұлымды жетімдер үйіне өткізуге қимаймын. Күйеуім жол апатынан қайтыс болған. Қайырымды жандар болса, азғантай болса көмек берсеңіздер. Қандай көмек болса да ризамын. 100 теңге болса да қарайлыссаңыздар екен», — деді Бердиева Қызжібек. 

Ананың айтуынша, үкіметтен жалғыз басты аналарға берілетін жәрдемақыны да ала алмай отыр. Мемлекеттік жәрдемақыны алу үшін тағы да тұрақты мекенжайдағы тіркеуді талап етеді екен.

Құрметті қазақстандықтар, екі балалы анаға қаржылай көмек көрсетем десеңіздер, 5169 4931 4672 1454 нөмірі немесе 8775 292 72 22 телефон нөмірі (Толебаева Молдир Балкашбаевна) арқылы Каспий картаға қаражат аудара аласыздар.