«Халықты кедейліктен алып шығамын»: Президенттікке тағы бір әйел кандидат ұсынылды

0

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан президенттігіне үміткер Фатима Бизақованың құжаттары қабылданғанын растады. Кандидатты «Тәжірибелік психология» қоғамдық бірлестігі ұсынып отыр.

Baq.kz сайтының жазуынша, Фатима Бизақова жеке кәсіпкер — 1967 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Өзінің мамандығы бойынша жеке оқу орталықтарын ашқан.

Бізге «байтал шауып бәйге алмас» сөз бар. Алайда, мақалдың озығы мен тозығы бар. Мәселен, Хауа анамыз, Фатима анамыз, Хадиша анамыз көпке үлгі болған, ал  Әлия мен Мәншүк апаларымыз батыр болған. Енді қазіргі уақытта неге біз де өз елімізге білімімізді, біліктілігімізді қоспас қа? Сайлауға мемлекеттік қызметкерлер қатысқаны дұрыс, бірақ жеке кәсіпте болған адам халықтың мұң-мұқтажын көбірек түсінеді деп ойлаймын. Себебі, біз өзіміз де сол қиыншылықты көріп шықтық. Қиындықты қалай жеңудің жолдарын жақсы білеміз. Сондықтанда мұндай науқанға  кез келген «менмін» дейтін адам қатысуы керек, — деді үміткер.

Жаңа үміткердің «біздің қоғамда қандай өзекті мәселені шешкіңіз келеді? деген сұраққа жауап берді.

Қоғамдағы көріп жүрген мәселемнің бірі — қымбатшылық. Халқымды кедейшіліктен алып шыққым келеді.  Менің мақсатым — халықты кедейліктен алып шығу. Мен шын ниетіммен Президент болуға, үлкен жауапкершілікті өз қолыма алуға дайынмын. Дауыс жинайтыныма да сенімдімін, — деді Бизақова.

«Фатима Бизақованың «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігінен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы келесі құжаттары ұсынылды:

1. «Тәжірибелік психология» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;

2. Ф.Бизакованың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;

3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;

4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

5. Жоғары білімі туралы дипломының көшірмесі», — деп жазды ОСК.