Үкім шыққаннан кейін бір ай өткен соң блогерлер Instagram парақшасына қайта оралып, алғашқы жазбасын жариялады, деп хабарлайды kznews.kz.
«9 ай үнсіз болдық. 4 ай әлеуметтік желіде болмадық. Осы уақыт ішінде отбасымызбен бірге қиын кезеңнен өттік. Бірақ бүгін қайта оралып отырмыз. Жаңа күшпен, жаңа оймен. Осы уақыт бойы бізге жазған, күткен, қолдау көрсеткен жандардың бәріне үлкен рақмет», – делінген жазбада.
Еске салайық, Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенова онлайн-курстар сатумен қатар, заңсыз лотерея ұйымдастырғаны үшін сотталған болатын. Тергеу мәліметінше, олар жүлделерді өз қаражатына алғандай көрсеткенімен, іс жүзінде сыйлықтар қатысушылардан жиналған ақшаға сатып алынған.
Сот блогерлерді заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, аса ірі көлемде — 247 миллион теңге табыс тапты және қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастырды деп таныды.
Үкімге сәйкес, Ерболат Жанабылов 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді. Ал Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылғанымен, кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза мерзімі екі жылға шегерілді.