«Ес-түссіз жатқанымды көріп жылап кетіпті»: Жүрсін Ерман шетелде ем алуына қаржылай көмектескен кім екенін айтты

0

Жақында белгілі ақын Жүрсін Ерман Швейцарияның Женева қаласында ем қабылдап, елге оралды. Халық та айтыс аламанының ақтаңгеріне айналған тұлғаның тілеуін тілеп, ниеттес болғанын көрдік. Не десек те, қиын күндер артта қалғандай. 

Енді ол ауырып жатқанда не ойлағанын және қиын сәтте жанынан табылған достары жайлы айтты.

«Ақын не ойламайды дейсің?! Әрнәр­сені ойлайсың. «Осымен бәрі бітті ме» дейсің. Істеп жатқан жұмысыңды ойлайсың. Менікі айлық алып істейтін жұмыс емес қой. Қоғамдық жұмыс. Ма­мыр айының аяғында Ұлытау облысында бұрыннан келе жатқан айтыс болады. Соған еліміздің ең тәуір ақындары қатысады. Алла қаласа, сол айтысты өткіземін деп отырмын.  Қаңтар айында 40 күн Швейцарияда ем алып келдім. Сол кезде көп жігіт көмек көрсетті. Швейцарияға бару оңай емес қой. Мемлекет басшы­сы­нан бастап, еміме ақша бөлді. Дос­тарым, кәсіпкер Құсайын Омаров, Дулат Тастекеев деген жігіттер арнайы ақша қарастырды. Ескі досым Өмірзақ Сәр­сенов те қасымнан табылды. Асанәлі Әшімов мен ауруханада жатқанда ішке кіре алмай, қала әкімдігіне шығып жүріп ауруханаға кіріпті. Ес-түссіз жатқанымды көріп жылап кетіпті. Соның бәрі рухани көмек қой», — деді Жүрсін Ерман.