Ереуілге шыққан мұнайшылар енді миллион теңгеге дейін айлық алады

0

Жаңаөзендегі «Бұрғылау» ЖШС жұмысшылары жұмыстың тоқтатылатынын айтып, жалақыларын көтеруді талап еткен болатын. Ал қазір «Бұрғылау» ЖШС жұмыскерлердің жалақысы саладағы ең жоғары көрсеткіштердің қатарында екенін баса айтты, деп хабарлайды кznews.kz сайты.

Компания басшылығы қызметкерлерді Қазақстан Республикасының қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес қойылған барлық талаптарды сындарлы талқылау үшін келіссөз үстеліне отыруға шақырды.

«Бұрғылау» ЖШС жұмысшыларының жалақысы қазірдің өзінде саладағы ең жоғарылардың қатарында. Кәсіпорын бойынша орташа айлық жалақы 2021 жылдың қорытындысы бойынша 887 мың теңгені құрады. Сонымен бірге, ұжымдық шартқа сәйкес жалақы жыл сайын инфляция деңгейіне қарай көтеріледі. Осылайша, 2008-2021 жылдар аралығындағы орташа жалақы 158 мыңнан 887 мың теңгеге дейін өсті. Ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ол тағы 10 пайызға өсті, деп хабарлады компания.

Мысалы, 2022 жылы 5-разрядтағы өндіру-барлау бұрғылаушысының айлық тарифтік мөлшерлемесі 543 112 теңге, бұрғылаушы көмекшісі — 451 463 теңге. Бұл «таза» жалақы. Бірақ жұмыс режимін, қосымша төлемдер мен сыйақыларды есепке алғанда, бір бұрғылаушының орташа жалақысы 1 098 191 теңгені, ал помбуршыныкі 912 874 теңгені құрайды.

Еске салайық, 9 ақпанда Маңғыстау облысындағы кен орындарында мұнай кәсіпшілік қызметін көрсететін «Бұрғылау» компаниясының 400-ге жуық қызметкері жұмысын тоқтатқан болатын. Олар мемлекетке жұмыс берушіге кемінде бір миллион теңгеден кем емес жалақыны белгілеу, ұжымдық шарттың талаптарын қайта қарау, компанияны «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-на беру, жұмысшыларды аутстаффингке ауыстыру сияқты оннан астам талап қойды.