Пайда - 133,6 млрд, шығын - 5,1 млрд: "Қазпоштаның" хәлі мүшкіл ме?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Пайда - 133,6 млрд, шығын - 5,1 млрд: "Қазпоштаның" хәлі мүшкіл ме?

Пайда - 133,6 млрд, шығын - 5,1 млрд: "Қазпоштаның" хәлі мүшкіл ме?
Фото: ашық дереккөздерден

Өткен аптада "Самұрық-Қазына" қорының қоғамдық кеңесінің отырысында «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бекежан Жакеев есеп беріп, компаниядағы жағдайды баяндады.

Төрағаның айтуынша, "Қазпоштаның" 2025 жылғы жиынтық табысы 133,6 млрд теңгені құраған. Бұл арғы жылмен салыстырғанда едәуір өсуді білдіреді екен. 2024 жылғы табыс 106,6 млрд теңге болған.

Дегенмен, қазір ұлттық жеткізуші компанияның жағдайы мәз емес сияқты. Қаржы құжаттарына қарағанда "Қазпошта" өткен жылды 5,1 млрд теңге таза шығынмен аяқтаған. Яғни, қызмет көрсуден түскен қаржының елеулі бөлігі шығындарды жабуға кеткен көрінеді. 

Бекежан Жакеевтің пайымынша, негізгі шығын көзі мерзімді басылымдарды жеткізуге байланысты екен. Мәселен, мекемеге газет-журнал тасымалдағаны үшін төленетін мемлекеттік субсидия көлемі тым аз. Қазір оның көлемі бір дана өнім үшін 86,18 теңгені құрайды. Ал тасымалдың нақты өзіндік құны 408,84 теңге шамасында-мыс.

- Бұл қызмет жылына шамамен 12 млрд теңге шығын әкеледі, оны біз басқа бағыттардағы табыстар есебінен жабамыз, - дейді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бекежан Жакеев.

Жалпы, "Қазпошта" басшысы шығынға батқанына қарамастан өз тұтынушыларына адал қызмет көрсетіп отырғанын айтады. Мысалы, компанияның тасымалдау қызметі кейде шалғай ауылдарға жалғыз дана газетті жеткізуге мәжбүр болады екен. Қазір қызмет көрсету картасына сәйкес аудандық пошта тораптары мен ауылдық бөлімшелер арасындағы маршрут саны 1065 бағытқа жетіп, ол аптасына екі рет орындалады дейді. Яғни, пошташылар бір ғана газетті жеткізу қажет болса да, көрсетілген мекенжайға дейін апарады.

Мұнан бөлек, еліміздегі инфрақұрылымы тозған мекеменің бірі осы "Қазпошта" екен. Компанияға қарасты бөлімшелер әлі күнге дейін Кеңес Одағы кезінен қалған ғимараттарда отырғаны жасырын емес. Әсіресе, алыс ауылдардағы көрініс тіпті күлкілі.

Ал компания басшысы былтыр "Қазпошта" нысандарын жөндеуге 642 млн теңге бөлінгенін айтады. Биыл бұл мақсатқа 684 млн теңге қарастырылыпты. Мекеменің автопаркі де айтарлықтай жаңартуды қажет етеді екен. Қазір көліктердің жартысынан көбінің жүргенінен тұрғаны көп дейді. Жоспар бойынша, 2030 жылға дейін 644 автокөлікті шамамен 18,1 млрд теңгеге жаңарту көзделген.

Айтпақшы, "Қазпошта" 2028 жылы IPO нарығына шығуға дайындалуда. Ол үшін табыстылықты арттыру және бизнесті трансформациялау бойынша жол картасы әзірленіпті. Олардың қатарында электронды коммерцияны дамыту, логистика мен қаржылық қызметтерді кеңейту, сондай-ақ инвесторлармен әріптестік орнату бар. Бұдан бөлек, филиалдық желіні оңтайландыру және кейбір бөлімшелерді франчайзинг арқылы дамыту қарастырылуда екен. Бір қызығы, компания басшылығы негізгі өзгерісті тарифтерді көтеру мен қызметкерлерді қысқарту бағытыннан бастайтын сияқты. Қазір пошта саласында 18 мыңнан астам қызметкер бар екен. Компания нарық талабына бейімделсе, кейбір филиалдарды жауып, қызметкерлердің бір бөлігін қысқартуға көшеді.

Екіншіден, қазір "Қазпоштаның" қызмет көрсету бағытындағы инфрақұрылымының жүктемесі шамамен 47 пайыз ғана. Оның жолдарын арттыру мәселесі күн тәртібіне қойылған екен.

Айтпақшы, "Қазпошта" ел аумағында жазылым арқылы шамамен 1,1 мың түрлі газет пен журнал таратады. 2025 жылы тұрақты мекенжайларға 47 млн данаға жуық басылым жеткізілген. Оның ішінде ауылдарға 34,6 млн дана БАҚ тасымалданыпты. Бұл жалпы жеткізу қызметінің 74,2 пайызы екен. Яғни, осы аралықта 7,5 млн ауыл тұрғыны мерзімді басылымдарды жаздырып алған.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.