«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытын төрт жолақты етіп кеңейту жобасының бірінші кезеңі басталды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ресми іс-шараға Қызылорда облысы әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев, Қызылорда облыстық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ел ағаларының қатысты.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы 2023 жылғы 10 қазанда Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келгенде Қызылорда қаласынан Ақтөбеге дейінгі автомобиль жолын төрт жолақтыға ауыстырудың жобалау жұмыстарын жедел бастауды тапсырған болатын.

Осы жұмысты қысқа мерзімде аяқтау үшін демеушілер есебінен 350 млн. теңгеге техника-экономикалық негіздеме әзірленді, 487 шақырым жолға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Жалпы жоба 2 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңі – 26 шақырымдық Қызылорда қаласының айналма жолын салу. Екінші кезеңі – Қызылорда қаласынан басталып Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандарының сыртымен айналып өтіп, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізіне қосылатын 462 шақырым жол.
Автодәліз бойына жаңадан 11 көпір, 13 жол өткелі, 62 үй жануарларына арналған өткел мен 399 су өткізгіш құбыр салынады. Жолаушылар мен жүргізушілерге арналған заманауи сервистік қызмет көрсететін пункттер бой көтеріп, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік туады.
Автожолдың ІІ санаттан І санатқа ауысуы көлік қатынасын едәуір жеңілдетіп, жүк тасымалының тиімділігін арттырады.