Мәскеуде Әлихан Бөкейхановқа бюст орнатылды
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Маркетплейс нарығы: "Барахолка" мен бутиктердің басына қара бұлт үйірілді

Маркетплейс нарығы: "Барахолка" мен бутиктердің басына қара бұлт үйірілді
Фото: ашық дереккөздерден

Қазақстан әлем бойынша технология үдерісінің жемісі жедел пісіп-жетілген елдер қатарына еркін еніп отыр.

Цифрлық революция аз жылдар ішінде нәтиже беріп, онлайн қызмет көрсету мемлекеттік басқару жүйесінен бөлек құжат айналымы және қаржы саласында зор табысқа жетті. Оны қойып онлайн қызмет көрсету күнделікті қолданыстағы тіршілік қажеттілігін өтейтін маңызды механизмге айналды. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімді тетік ретінде қалыптасып, елдің өмір сүру дағдысына да өзгеріс енгізіп отыр.

Бұл үрдіс әсіресе сауда-саттықта жылдам белең алғаны байқалады. Яғни, алып, сату мен тасымал қызметінің түгелге дерлік онлайн форматына ауысуы баяғы "Барахолканың" дәурені өткенін мойындата бастады. Тіпті, енді сауда бутиктерінің де күні бітуге жақын сияқты.

Тоқетерін айтқанда, Қазақстанда маркетплейстер нарығы қарқынды дамып келеді. Онлайн сауда алаңдары тұтынушылардың сатып алу тәсілін ғана емес, кәсіпкерлердің тауар сату моделін де өзгерткен. Және бұл сектордағы ақша айналымы мен салық түсімдері жоғары нәтижені көрсеткен. Ranking.kz зерттеу орталығы ұсынған деректерге қарасақ, 2025 жылы маркетплейстер нарығынан жиналған салық қыруар. Салыстырмалы түрде алғанда, былтыр маркетплейстер платформасы бойынша салық төлемдерінің көшін Kaspi.kz тұр екен.

Яғни, Kaspi.kz онлайн сауда алаңының төлеген салығы 138,43 млрд теңгені құраған. Онан кейінгі орынға  Wildberries платформасы 81 млрд теңге салық төлеп шықса, 14,81 млрд теңге төлеген Ozon маркетплейсі үздік үштікті қортындылаған.

Сондай-ақ,  OLX жүйесі 3,08 млрд теңге және Halyk Market платформасы 0,95 млрд теңге салық аударымдарын жасаған екен. Ал салық төлемдерінің құрылымына қарасақ, нарықтағы басымдық тағы да Kaspi.kz онлайн дүкеніне тиесілі екенін көреміз. Яғни, маркетплейстер төлеген салықтың 64,4 пайызы осы экожүйенің еншісінде. Отандық ұйым тұтынушылар аудиториясы ең көп деп саналатын ресейлік Wildberries пен Ozon компанияларынан озып кеткен. Аталған екі сауда алаңының төлемдерін бірге есептегенде жалпы түсімінің 33,8 пайызына әрең жетеді. Ал OLX пен Halyk Market үлесі бір пайыздың төңірегінде ғана.

Бірақ, салық түсімдерінің өсу қарқыны бойынша шетелдік платформалар алда келеді. Мәселен, 2024–2025 жылдары Wildberries салық төлемдерін 56 пайызға, Ozon 39 пайызға арттырған. Ал OLX алаңы 27 пайыз, Halyk Market жүйесі 19 пайыз өсім көрсеткен. Есесіне, Kaspi.kz платформасындағы өсім небәрі 3,5 пайызды құрапты. Демек, танымал экожүйенің қызметін пайдаланушылардың саны тұрақты деңгейде қалып отырған болуы мүмкін. Немесе бұл платформадағы қызмет құнының салыстырмалы түрде төмен болуы да салық төлемдерінің көбеймеуіне ықпал еткен-мыс. Ranking.kz зерттеу орталығының сарапшылар мұны нарықтағы жетекші ойыншының қалыптасқан позициясымен байланыстырады. Қазір бірінші және бесінші орын арасындағы айырмашылық 146 есені құраған.

Дегенмен нарықтағы бәсекелестік алдағы уақытта күшеюі мүмкін екен. Өйткені, өткен жылдан бастап Temu және Alibaba секілді қытайлық платформалар Қазақстанда ресми салық төлеуші атанып, кіріс есебіне тіркеле бастады. Ал Үкіметтің болжамына сәйкес, биыл олардан түсетін жылдық салық түсімі шамамен 50 млрд теңгеге жетуі тиіс. Бұл шамамен қазіргі Wildberries платформасының деңгейіндегі көрсеткіш. Жалпы, маркетплейстер нарығына қытайлық экожүйелердің толыққанды енуі аяқталғаннан кейін, Қазақстандағы онлайн сауда нарығындағы күштердің арақатынасы қайта өзгеруі ықтимал. Әлбетте, бұл салық түсімдері тұрғысынан ғана емес, тауар айналымы және тасымал мен таңдау мүмкіндігінің де бәсекесін арттырады.

Қысқасы, енді аз жылда маркетплейстер нарығы базарлар мен бутиктердің қызметін әлсіретіп, курерьлік қызметтің бәсі мен бәсекесін күшейте түседі. Бұл экономикадағы ашықтықты да қамтамасыз етуге тиіс. Өйткені, онлайн сауданың дамуы цифрлы ақшаның да айналымын арттырады.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.