Дулат Ағаділдің баласы: Әбілязовтан ақша алмадық (видео)

0

10 қарашада азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің кәмелетке толмаған ұлы Жанболат Ағаділ төбелес кезінде пышақ жарақатын алып, мерт болғаны хабарланған болатын.

Дулат Ағаділдің баласы Жанболат Ағаділдің ютуб желісіндегі видеосы тарады. Бейнежазба 2020 жылдың 24 тамызында түсірілген.

«Осыдан 6 ай бұрын менің әкемді алып кеткен. Сол жерде келесі күні маған қайғылы хабармен қайтыс болғанын айтты. Қазіргі кезде біздің атымызды «Әбіләзовтан ақша алды» деп қорлап жатыр. Біз Әбіләзов түгілі ешкімнен ақша алған жоқпыз. Мен де, шешем де, әжем де, аға-інілерім де сөйлеспеген болатын. Мұның бәрі өтірік. Қазір олар ақша алып жатыр деп айтуда. Ешқандай ақша берген жоқ. Бізге қарапайым қазақ елі көмектесіп жатыр. Оларға мың алғыс айтамын», — дейді бейнежазбада.

https://youtu.be/wv—cWdpttY

Жанболат Ағаділдің ісіне қатысты Елордалық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 10 қарашада сағат 22.56-да 102 шұғыл байланыс желісіне Көктал ықшамауданының Болашақ көшесінде болып жатқан жаппай төбелес туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері жастар арасында өзара жанжал болып, оның арты төбелеске ұласқандығын анықтады. Нәтижесінде екі адам жарақат алды. Олардың бірі — 17 жастағы Ж.Ағаділовке пышақ салынған, ол жедел жәрдем келген кезде қайтыс болды. Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 2-бөлігі (кісі өлтіру) және 293, 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды, — делінген хабарламада.

Ұсталғандар бар. Жанжалдың барлық тараптарын анықтау бойынша тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Тергеу нәтижелері бойынша төбелескендердің әрқайсысының іс-әрекетіне заңды баға беріледі.

Қоғам белсендісі Дулат Ағаділ осы жылдың ақпан айында тергеу изоляторында қайтыс болды. Ол сотты құрметтемеу, судьяға, сот отырысына қатысушыларға тіл тигізу және тергеу әрекеттерінен жалтару сынды қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін ұсталды. Оның өліміне жүрек жеткіліксіздігі себеп болғаны айтылды.

nege.kz