«Бұл жерде кім жуынбады»: Шымкенттік оқушылар қоғамдық моншада білім алып жатыр — Қазақстан жаңалықтары
Шымкентте оқушылар бұрынғы қоғамдық моншаның ғимаратында білім алып жатыр. Мектеп ғимараттарында бастауыш сынып оқушыларына орын жетіспеушілігі осындай жағдайға алып келген.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Биылғы жылы №80 лицейдегі мыңнан аса оқушыға оқу ғимаратында орын жетіспей қалған. 1 200 орынға есептелген мектепте бүгінде 4 мыңнан аса оқушы білім алуда. Лицейде бірінші сыныпқа қабылданғандар да көп.
Мектепте орын жетіспеген оқушылар қатарынан үш жыл бойы жалға алынған жатақханада білім алған. Алайда иесі бұл нысанды өзге адамдарға жалға беріпті. Лицей директорының сөзінше, мектеп жанынан бос ғимарат іздестіре бастағанда, қоғамдық моншадан өзге ештеңе таппапты. Ал бұл ғимарат үшін бюджеттен ай сайын 3 миллион теңгеге жуық ақша төленеді.
Қазіргі уақытта ғимаратта мыңнан аса оқушы білім алуда. Көптеген ата-аналар бұл жағдайға наразы болып отыр.
«Бұл моншада кім жуынбады десеңізші?! Мұнда қалайша оқу корпусын ашты? Біз наразы болып отырмыз. Ендігі бұл жерден немерелерімді алып кетуді ұйғардым. Көптеген ата-ана да солай етпек», — дейді қала тұрғыны Рабиға Жұмабаева.
Өз кезегінде мектеп директоры СЭС мамандары ғимаратты тексеріп, кемшілік таппағанын айтты.
«Әр сыныпқа санитарлық торап жасауды талап еттік. Сонымен қатар, тазалық бойынша бәрін дұрыстауын міндеттедік. Бұл кемшіліктердің бәрін жұмаға дейін жойып, оларды қайта шақыруымыз керек еді. Әзірге олар мұнда сабақ өткізуге болатынын айтып отыр», — дейді №80 мектеп-лицейдің директоры Сәуле Қалыбекова.
Аталған мектеп қаладағы жыл сайын оқу ғимаратын жалға алып отырған жалғыз білім мекемесі емес. Шенеуніктердің сөзінше, қалада 19 мектеп үш ауысыммен білім беруде.
«Бүгінгі таңда қаладағы үш мектеп қосымша ғимаратты жалға алып, оқушыларды сол жерде оқытуда. Мұндай жағдай №80, 87 және 29 мектептерде бар», — дейді білім басқармасының басшысы Серік Бабақұлов.
Білім басқармасындағылар бұл мәселені бірден шешуге келмейтінін мойындап отыр. Олар оқушылар толы мектепке балаларды қабылдауға тыйым сала алмайды. Ал орын жетіспеушілігіне қатысты мәселені 5 жылдың ішінде шешеміз, дейді.
stan.kz