БҚО-да үш адамды өлтірген күдікті ұсталды
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Теректі ауданы Федоровка кентінде шыққан өртті сөндіру кезінде үйден 3 адамның өлі денесі табылған. Полиция адамдарды өлтірді деген күдікпен 45 жастағы ер азаматты тұтқындады. Бұл туралы uralskweek.kz порталы хабарлайды.
Күдікті – 45 жастағы Айдархан Мендығарин. Тәртіп сақшыларының пікірінше, ол алдымен үйде 2 әйел және ер азаматпен арақ ішкен. Кейін оларды өлтірген. Қылмысты жасыру мақсатында үйді өртеп жіберген.
Дүйсенбі, 24-желтоқсан күні полиция аталған деректі растап, күдіктіні қолға түсірді.
«21-желтоқсан күні сағат 22:20-де Теректі ауданы Федоровка кенті Межколхозная көшесінде шыққан өртті сөндіру кезінде үйден екі әйел мен бір ер азаматтың өлі денесі табылды. БҚО полиция департаменті мен бөлім қызметкерлері қылмыстың ізін суытпай 1973-жылы туылған Айдархан Мендығарин есімді азаматты тұтқындады», — делінген облыстық полиция департаменті таратқан хабарламада.
Тәртіп сақшыларының хабарлауынша, күдікті Федоровка кентінде болған өрттен кейін бірнеше сағаттан соң қамауға алынған.
ҚР Қылмыстық кодексі «Адам өлтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ