Ақылы жолдардың артықшылықтары қандай?
Президент тапсырмасына сәйкес, 2021 жылға дейін Қазақстан аумағында 7 мың шақырымнан астам республикалық маңыздағы автожолдар ақылы болады. Бұл жайлы Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Жалпы, ведомство басшысы 2020 жылға қарай транзиттен түсетін қаражат 5 миллиард долларға дейін артатынын айтады. «Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз 2020 жылға қарай транзиттен түсетін қаражатты 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуымыз керек. Бүгінде бұл сома 1,5 миллиардты құрады. Соңғы 2-3 жылдың ішінде Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы баратын транзит жыл сайын екі есеге өсіп жатыр. 2020 жылға дейін Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаймыз деп жоспарлап отырмыз», деді министр Ж.Қасымбек.
Ақылы жолдар әлемнің 30-дан астам елінде бар. Негізінен ақылы жолдардың ең басты ерекшелігі – оның жолаушылар үшін біршама қауіпсіздігі деуге болады. Мамандардың айтуына қарағанда, елімізде алғашқы ақылы жолдардың бірі «Астана – Щучье» автожолының құрылысынан кейін жол-көлік оқиғаларының саны 2 есеге азайған. Ал адам өлімімен аяқталатын жол-көлік оқиғалары 3,6 есе кеміген. Түрлі дәрежелі жолдағы көлік апаттары санының азаю себебі – көліктердің бетпе-бет соқтығысуынан сақтандыратын қоршау құрылғылардың орнатылуынан екен. Аталған автобандарда қарама-қарсы келе жатқан екі көлік қатты жылдамдықпен қарсы бетке шығып кетпеуінің өзі қаншама адамның өмірін сақтап қалады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылы Қазақстанда 6,6 мың шақырым жолға төлемақы алу жүйесі орнатылатындығы хабарланған. Аталған компанияның баспасөз хатшысы Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, биылдан бастап Алматы – Қапшағай, Алматы – Қорғас және Астана – Теміртау бағытындағы тас жолдарға ақылы жүйе енгізілетін болады. «Өткен жылдың аяғында аталған учаскелер сынақтан өткізілді. Тестілеу режімі барысында бірыңғай дерек қорына интеграция енгізілуде, барлық жабдықтың жұмыс қабілеті тексерілуде. Бұл жұмыстар, пайдалануға берілген барлық учаскені енгізгеннен кейін төлемақы алу жүйесі үздіксіз жүргізілу үшін жасалады», деді ол.
Жалпы, биылдан басталатын ақылы жолдарға төлемақы жасау мәселесіне келер болсақ, республикалық маңызы бар негізгі пайдаланымдағы ақылы автомобиль жолдарын қолдану туралы бұйрыққа сәйкес, жеңіл көлік жүргізушілері төлемақы алу бекеттерінде алдын ала төлеу және кезекті қысқарту үшін сараланған тариф қарастырылған.
Төлем кезінде мән беретін ең басты мәселе, алдын ала жасалған төлемақы бекеттегі қолма-қол төлемге қарағанда 2 есеге төмен төлеуге мүмкіндік береді. «ҚазАвтоЖол» мәлімдегендей, жеңіл көліктер үшін алдын ала төлем арқылы «Астана – Теміртау» тас жолы бойынша барып қайтатын бағытқа 800 емес, 400 теңге алынатын болады. Ал Алматы – Қапшағай бағыты бойынша алдын ала төлеу бойынша – 100 теңге, қолма-қол төлем бойынша – 200 теңге ақы алынбақ. Сондай-ақ Алматы –Қорғас автомагистралі бойынша алдын ала төлеу 300 теңгені құрап отыр. Бұл ретте автобустар, жүк автомобильдеріне қатысты тариф жүк көлеміне байланысты өзгеретінін айта кеткен жөн.
Еліміздегі автожолдардың ақылы жүйесі мемлекетке біршама пайда әкелетінін білеміз. Айталық, «Астана – Щучье» бағытындағы тасжолға аталған жүйе енгізілген жылы миллиард теңге көлемінде пайда келтірген. Сонымен бірге І дәрежелі Астана – Петропавл жолы да ақылы негізде пайдаланылады. Міне, еліміз бойынша тағы үш бағытқа ақылы автомагистраль өз жұмысын сапалы түрде көрсетпекші.
Тағы бір айта кетерлігі, «ҚазАвтоЖол» компаниясының баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған ақылы жолдар үшін абонемент құны мың теңге тұрады және бұл жыл бойына жарамды болып келеді. Алайда аталған абонементті елді мекендердің трассаларын қамтитын тіркелген автомобиль иелері ғана ала алады. Егер де азамат сол жерде тұрып, бірақ автокөлігі басқа жерге тіркелген болса, төлемақыны жалпы негізде төлеуге тиіс.
Жалпы, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаға сәйкес қайта жаңартудан өткен жолдардың барлық учаскелері төлемақы алу жүйесі арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл – ең алдымен бюджеттегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Айта кетуіміз керек, жолдарды ақылы ету мақсатында 2015 жылы «Республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолын (жол учаскесін) ақылы негізде пайдалану туралы» Заң қабылданған болатын.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/