Алматыда қытайлық бизнесменді ұрлап кетті
Күдіктілер қытайлық бизнесменнің әйеліне хабарласып, 22,5 миллион теңге талап еткен
Алматыда Қытайдан келген бизнесменді ұрлап кетті. Тәулікке жетер-жетпес уақыт ішінде полиция шетел азаматын құтқарған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
37 жастағы бизнесменнің әйелі Қытайдың Қазақстандағы елшілігіне жүгініп, көмек сұраған. Әйелдің айтуынша, оған белгісіз біреулер телефон шалып, күйеуін ұрлап кеткенін хабарлап, 400 мың юань (22,5 миллион теңге) талап етіпті.
«Қылмысты ашу мақсатында Алматы қаласы полиция департаментінде жедел-тергеу тобы құрылды. Алғашқы минуттардан бастап полицейлер барлық қажетті жедел және арнайы іс-шараларды жүргізді. Нәтижесінде күдіктілердің кім екені анықталды», — делінген хабарламада.
Тағы оқыңыз: Әуежайда ұшақтан түсірілген сөмкеден бес айлық сәби табылды — видео
ІІМ ақпаратынша, сәл кейінірек полицияның жедел қызметтері арнайы бөлініс жауынгерлерімен ұрланған адамды құтқару операциясын жүргізген. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Қазір күдіктілердің өзге қылмысқа қатысы бар-жоғы тексерілуде.
«Қазақстан үкіметіне, ішкі істер министріне, Алматы полицейлеріне мені құтқарғаны үшін үлкен алғысымды айтамын. Істің осылай тез шешілгеніне қуаныштымын. Қытай елшілігіне де алғысымды білдіремін. Қазақстанға міндетті түрде тағы келемін. Мұнда адамдардың қауіпсіздігі бірінші орында тұрғанына көзім жетті», — деп ризашылығын білдірді бизнесмен.
Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо ішкі істер министрлігіне арнайы келіп, министр мен барлық полицейге ұрланған қытайлық бизнесменді құтқарғаны үшін алғыс айтты.
sputniknews.kz