Алматыда біліктілік тестінен өту кезінде көз жұмған мұғалімге қатысты жаңа дерек шықты

0

Ұлттық тестілеу орталығы Алматыда біліктілік тестінен өту кезінде көз жұмған мұғалімге қатысты пікір білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, 1973 жылы туған ер адам гипертониялық ауруына байланысты емханада есепте тұрған. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізілуде. «Қалалық білім басқармасының өкілдері марқұмның отбасына көңіл айтты. Оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі», — дейді орталықтан.

Сонымен қатар мекеме бұл орталықта төрт жылдан бері тіркелген алғашқы жағдай екенін атап өтті. Сондай-ақ мекеме тестілеу орталықтарында алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша медицина қызметкерлерінің жұмысына бақылауды күшейтуге уәде берді. «2018 жылдан бері ұлттық біліктілік тестін 230 мыңнан астам адам тапсырды. Бекітілген санатына байланысты олар жыл сайын жалақысының 30-50 пайыз мөлшерінде қосымша төлемдер алады. Осы ретте аттестаттау ерікті түрде жүргізілетінін айта кетейік. Мұғалімдер бұрынғы жалақыларына тағы қосымша ақы алу үшін осы процедурадан өтеді. Қосымша ақы өткен біліктілік санатына байланысты төленеді», — деді орталықтан.

Одан бөлек Ұлттық тестілеу орталығы егер тест тапсыратын күні мұғалім өзін жайсыз сезініп тұрса, тестілеу күнін ауыстыруға болатынын атап өтті. Еске сала кетсек, бұған дейін Алматыдағы көлік және логистика академиясында ұлттық біліктілік тестін тапсыруға келген мектеп мұғалімдерінің бірі көз жұмғанын жазған едік. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Алмалы ауданы полиция басқармасы адам өлімі фактісін тіркеген.