Қазақстандық танымал актриса Дариға Бадықова өз өмірі туралы деректі фильм түсіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, болашақ жобасының негізгі мақсатын түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесінің айтуынша, көрермендер экраннан көретін бейне мен оның шынайы өмірі екі түрлі дүние. Сондықтан ол көпшілікке өзінің өмірлік ұстанымдарын, ішкі дүниесін және түрлі шешімдерді не себепті қабылдайтынын ашық көрсеткісі келеді.
«Экраннан көрінбейтін өмір бар. Менің өмірге деген көзқарасым көпшілікпен сәйкес келе бермеуі мүмкін. Кейбір ойларыңды ашық айтсаң, бәрі бірдей түсіне бермейді. Сондықтан кейде үндемеуді жөн көресің. Бірақ мені осы күнге дейін алып келген өз қағидаларым бар. Сол ұстанымдарым ешқашан қателікке жетелеген жоқ, керісінше, өз болмысымды жоғалтпай өмір сүруге көмектесті», – деп жазды актриса.
Дариға Бадықова болашақ фильм өзін жақсы жағынан көрсету немесе жұрт алдында ақталу үшін түсірілмейтінін ерекше атап өтті. Оның сөзінше, бұл жоба арқылы ол көпшілікке өзінің шынайы болмысын ешқандай жасандылықсыз көрсетуді көздейді.