5 ғасырлық сенім Үндістан мен Пәкістанды татулыққа бастай ма?
Үндістан-Пәкістан арасында 70 жылдан кейін бейбітшілікке деген талпыныс қайта көрініс тапты. Пәкістан премьер-министрі Ирман Хан екі ел арасындағы трансшекаралық «Бейбітшілік коридорын» құруға күш салуда. Пәкістан тарабы үндістандық аз ұлт саналатын сикх қауымдастығына шекарадан өтіп, храмдарына тауап етуіне жол беретінін жеткізді.
Сикх қауымдастығы тауап ететін аталған храм «Гурдвара Дарбар Сахиб» деп аталады. Ол осы сенімдегілер үшін ең алғаш салынған ғибадатхана және сикхизмнің негізін салушы Гуру Нанактың өмірінің соңында мекендеген тұрағы. Түсініктірек болу үшін сикхталар туралы тоқтала кетелік, бұл сенім Үндістанның солтүстік өңірінде XV-XVI ғасыр шамасында барлыққа келген. Нанак бұл сенімде пәкістандық мұсылмандар мен үндістандықтардың бірігуін уағыздаған.
Ұзақ уақыттан бері, Үндістан тарабы аталған сенімдегі үнді халықтарының өз ғибадатқаналарына тауап етуіне рұқсат беруін талап етіп келді. 1947 жылы Үндістан мен Пәкістан Британиядан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, сикхизмнің отаны болған Пенжаб екіге бөлініп қалды.
Дүйсенбі күні, Үндістанның вице-президенті Наиду Пәкістан шекарасына өте жақын жердегі салтанатты шараға қатысты. Ал, бүгін Пәкістан тарабы екі елдің бейбітшілік коридоры туралы сөз қозғады. Бұл Оңтүстік Азиядағы ядролық қаруға ие екі елдің арасындағы сирек кездесетін жағдай. Шамамен 5 шақырымдық «Бейбітшілік дәлізі» Үндістанның Рета-Наак қаласымен Пәкістандағы Картапурдың арасын жалғастырады. Ресмилердің берген мәліметіне қарағанда, бұл дәліз 2019 жылы қарашада Гуру Нанактың 550 жылдығына орай ашылады.
Екі ел арасында қазірге дейін ауқымды үш рет соғыс болған. Оның екеуі Кашмир жеріне талас үшін болды. Жалпы Үндістан мен Пәкістан арасындағы қайшылық тым күрделі. Шекаралық дау тек оның бір ғана парасы. Мәдениет пен сенімдердің көп түрлілігі екі елдің ортақ пікірге келуіне қиындықтар тудырады.