300 млн. теңге: Қызылордада аудандық білім бөлімінің басшысы қамауға алынды

0

Қызылорда облысы Шиелі аудандық білім бөлімінің басшысы мен екі қызметкері қамауға алынды. Бұл туралы аймақтағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мамандары айтты. Атқамінерлер аса ірі мөлшерде бюджет қаржысын жымқырды деген күдікке ілігіп отыр. Қазіргі таңда 300 млн. теңгеден  астам ақшаның қайда кеткендігін анықтау мақсатында тергеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Астана арнасы хабарлады.

Шиелі аудандық білім бөлінің басшысы, оның есепшісі, сектор меңгерушісі қамауға алынған. Былтырғы жылдың қорытындысын тексеру барысында, бюджеттің 300 млн. теңгеден астам қаражатының ізі табылмапты. Құзырлы орындардың мәліметінше, күдіктілер ол қаржыны оқушылардың жаздық демалысы мен ыстық тамағына жұмсалды деп ақталуға тырысқан.

Руслан ЯГМУСОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Былтыр пандемия кезінде ешқандай мектеп, оқу орындары жұмыс жасаған жоқ. Оқушылар мектепте болған жоқ, ешқандай лагерлер жұмыс жасаған жоқ сәйкесінше оларға ыстық тамақ та қамтамасыз етілген жоқ. Яғни осы аралықта бюджет қаражатын осы негіздерге кетті деген негізбен қаражат жымқырылған.

Облыстық білім бөліміндегілердің айтуынша, аталған қаржының жетіспей жатқанын басы дауға қалған бөлім басшысы айтқан, дабыл да қаққан. Құзырлы орындардан мән-жайды анықтап беруге арыз жазған да өзі екен. Бірақ  кейін өзі де күдікке ілігіпті. «Ал бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын аудан әкімдігі қадағалауы тиіс еді» дейді мұндағылар.

Ернат АЛПЫСБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Бұл бұзушылықтар өткен қаржылық, яғни 2020 жылдық бюджеті есебінен жүргізілген. Айта кететін нәрсе, 2020 жылы барлық білім бөлімдері және саланың қаржыландырылуы жергілікті әкімдіктердің құзіретінде болды. Яғни қаржыландыру, шаруашылық қызметіне аудан әкімдіктері жауапты болады.

Шиелі ауданының әкімдігі болса, облыстық білім басқармасына сілтеп отыр. Алайда, ресми сұхбат беруден бас тартты. Құмға сіңген судай жоғалған 300 млн. теңгеден астам қаржының, қайда кеткенін енді сот анықтамақ.