Жетісу облысының Панфилов ауданында ұзақ ғұмыр сүріп, үлкен әулеттің ұйытқысына айналған Нағиман Сартынбекова есімді әжей тұрады. Биыл ол 105 жасқа толды. Кейуана 12 бала тәрбиелеп өсірген, бүгінде 36 немере, 103 шөбере және 15 шөпшек сүйіп отыр, деп хабарлайды Kazinform.
Бүкіл әулет жиналған сәтте үй іші бала күлкісіне, қуанышқа толады. Сол үлкен шаңырақтың ортасында – Нағиман апа. Ол өмір бойы еңбектің қадірін біліп, берекелі отбасы қалыптастыра білген жан.
Өткен ғасырдың басында дүниеге келген кейуана талай тарихи кезеңдердің куәсі болған. Жастайынан еңбекке араласып, үлкендерге көмектесіп, үй шаруасы мен мал бағумен айналысқан. Оның айтуынша, еңбек – өмірдің ажырамас бөлігі.
"Ең бастысы – еңбек ету мен ешқашан мойымау. Адал әрі ашық жүрекпен өмір сүрсең, өмір де саған соны қайтарады", – дейді ол.
Қиын кезеңдерде әйелдерге артылған жауапкершілік ауыр болғанына қарамастан, Нағиман апа ешқашан тағдырына шағымданбаған. Ол бар ғұмырын отбасына арнап, балаларын өсіріп, шаңырағын сақтауға күш салған.
Бүгінде 103 шөберенің болуы – таңғаларлық көрсеткіш. Олардың әрқайсысы – әжейдің өмірлік мұрасы. Бірі қасында болса, енді бірі алыс қалалардан арнайы келіп, қадірлі әжесіне құрмет көрсетеді.
Кішілер үшін ол – ертегі айтып, мейірім сыйлайтын аяулы әже болса, үлкендер үшін – отбасы бірлігінің символы. Ал 15 шөпшегі – оның өмір жолының жалғасып жатқанын көрсететін төртінші буын.