Гонконгтан Лондонға бағыт алған ұшақта жолаушылар 13 сағат бойы қайтыс болған әйелмен бірге ұшуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Democrat.kz.
Шамамен 60 жастағы әйел British Airways әуе компаниясының рейсі ұшып шыққаннан кейін бір сағат өтпей көз жұмған. Алайда экипаж ұшақты кері бұрмай, жоспарланған бағыт бойынша Хитроу әуежайына дейін жалғастыру туралы шешім қабылдаған.
Ұшу барысында экипаж мүшелері мәйітті қайда орналастыру керектігін шұғыл түрде шешуге мәжбүр болған. Әйелдің туыстары да бұл жағдайға байланысты абдырап қалған. Марқұмды дәретханаға орналастыру ұсынысы қабылданбай, стюардтар оны көрпеге орап, ұшақтың артқы бөлігіндегі арнайы орынға қойған.
Алайда бұл бөлімнің жылытылатын екені ескерілмеген. Соның салдарынан ұшу кезінде ұшақтың артқы жағынан жағымсыз иіс шығып, жолаушылар арасында алаңдаушылық тудырған.
BA32 рейсі Лондондағы Хитроу әуежайына қонғаннан кейін полиция ұшақты қарсы алып, 331 жолаушы мен экипаж мүшелерін шамамен 45 минутқа дейін ұстаған. Бұл уақыт ішінде борттағы өлім жағдайы тексерілген.
Ресми шағымдар тіркелмегенімен, оқиға экипаж мүшелеріне қатты әсер еткен. Кейбір қызметкерлер психологиялық күйін қалпына келтіру үшін арнайы демалыс алуға мәжбүр болған.