Жеке ұшағымен апат болған футболшыны мазақтаған жанкүйерлер жазаланды
Жеке ұшағымен апат болған Эмилиано Саланы мазақтаған футбол жанкүйерлері жазаланды. Олар ерсі әрекеті үшін үш жылға дейін стадионға кіре алмауы мүмкін.
Оқиға Англия чемпионатындағы «Саутгемптон» мен «Кардифф Сити» арасындағы ойын кезінде орын алған.
«Саутгемптонның» екі жанкүйері әуе апатына ұшыраған қарсыластың ойыншысы Эмилиано Саланы мазақтаған.
Кадрдан азаматтардың қолын жан-жаққа жіберіп, ұшақтың бейнесін көрсетіп күлгенін байқауға болады.
Ойыннан соң Хэмпширдің полиция қызметкерлері жанкүйерлерді ұстап, тергеуге алған.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, екі азамат осы әрекеттері үшін үш жылға дейін футбол алаңына кіре алмауы ықтимал.
Еске сала кетсек, 21 қаңтар күні Сала «Нант» клубындағы бұрынғы серіктестерімен қоштасып, жеке ұшағымен Уэльске жол тартқан.
Алайда, қонуға бір сағат қалғанда спортшының әуе лайнері радардан жоғалып кеткен. Оны іздеуге бірнеше құтқару корабльдері мен екі тікұшақ жіберілді.
Кейінірек ұшақтың апат болғаны хабарланып, футболшының заттары теңіз бетінен табылған.
7 ақпан күні құтқарушылар су түбінен спортшының денесін шығарған болатын.
Дереккөз: prosports.kz/kz