Home Жаңалықтар Токио-2020 Олимпиадасына іріктеу: Алматыда күрес турнирі басталады

Токио-2020 Олимпиадасына іріктеу: Алматыда күрес турнирі басталады

0
277
Фото: olympic.kz

Қазақстанның оңтүстік астанасында 2021 жылдың 9-18 сәуірі аралығында күрес түрлерінен бірнеше маңызды іс-шаралар өтеді, деп хабарлайды KzNews ақпарат агенттігі.

Бүгін Алматыда осыған орай ресми пресс-конференция өтті. Шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы Андрей Крюков, Азия күрес кеңесінің президенті Дәулет Тұрлыханов, Біріккен күрес әлемі (UWW) президенті Ненад Лалович мырза қатысты.

Бір аптадан аса уақыт өтетін құрлықтық дода аясында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 36 лицензия сарапқа салынады.

«Қазақстан күрес түрлерінен олимпиадаға іріктеу турнирін тағы қабылдап отыр. Бұл жолы жарыс Алматыда өтеді. Азия аймақтық Олимпиадаға іріктеу додасын Алматыда өткізу туралы шешім 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен лицензиялық әлем чемпионатына берілген жоғары баға десек те  болады.

Фото: olympic.kz

Ірі спорттық оқиғаны ұйымдастыруды сеніп тапсырғаны үшін Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті және Қазақстандағы барша олимпиадалық жанұяның атынан Ненад Лалович мырза мен Біріккен күрес әлеміне алғыс білдіремін.

Қазіргі таңда спортшылар мен жарысты ұйымдастыруға қатысатын барлық тұлғалардың қауіпсіздігі бірінші орында екенін турнирге қатысушылар да, ұйымдастырушылар да, ұлттық федерация өкілдері де жақсы түсінеді.

Наурыз айында біз фристайлдан әлем чемпионаты мен FIS әлем кубогінің  финалдық кезеңін абыроймен өткізіп, аталған сында Ұлттық Олимпиада комитетінің ковидке қарсы хаттамасын халықаралық федерацияның жарыс өткізу туралы регламентімен біріктірдік. Спортшылар мен жарысқа қатысушылардың денсаулығын, қауіпсіздігін сақтау ҰОК үшін басты міндеттің бірі болып қала береді», – деді Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің бас хатшысы.

Алматыдағы іріктеу турнирінде Олимпиада ойындарының 36 жолдамасы өз иесін таппақ. Сондай-ақ, іріктеу турнирі мен Азия чемпионаты аралығында Азия аймағындағы Бас Ассамблея отырысы өтіп, UWW Asia басшысы сайланады. Қазіргі таңда бұл қызметті атқарып отырған Дәулет Тұрлыханов кезекті рет сайлауға түспекші.

«Қазақстанда күрестің орны қашан да бір төбе. Әрине, спортшыларға жанкүйерлер қолдауы жетіспейтіні анық. Бірақ көгілдір экран алдындағы көрермендер ыстық ықыласын аямайды деген ойдамын. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін», – деп атап өтті Крюков.

Азия аймақтық іріктеу турнирі 9-11 сәуір күндері өтеді. 13 сәуірде Азия чемпионаты басталады. Құрлықтық дода 18 сәуірге дейін жалғаспақ. Бүгінде Қазақстан командасының еншісінде сегіз жолдама бар. Еркін күрес шеберлері төрт, грек-рим және әйелдер күресінің өкілдері екі жолдамадан жеңіп алған болатын.