Еліміздің халықаралық қаржы резервтері өткен тамыз айында 9,4 млрд долларға ұлғайып, қыркүйек айының басында 138,8 млрд долларға жетті.Бұл жайында Қаржыгерлер қауымдастығының Ұлттық Банктің статистикасына сүйене отырып жариялаған есебінде айтылған.
Жалпы, өсім көрсеткішіне Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері мен Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері кіреді. Атап айтқанда, шілде айында Ұлттық Банктің жалпы халықаралық резервтері 11,4 пайызға өсіп, 70,6 млрд доллар болған. Оның ішінде алтын портфелінің көлемі 15,8 пайызға артып, 55,8 млрд долларға жеткен. Ал еркін айырбасталатын валютадағы активтер 2,5 пайызға төмендеп, 14,8 млрд долларды құрады.
Сонымен қатар Ұлттық қордың активтері 3,2 пайызға өсіп, 68,2 млрд долларға жеткен. Осы екі көрсеткішті біріктіргенде, Қазақстанның халықаралық резервтері қыркүйек айының басында 138,8 млрд доллар болды. Тамыздағы өсім 9,4 млрд долларға тең.
Бұл өсімнің негізгі факторларының бірі ретінде алтын бағасы мен Ұлттық Банктің алтын резервтерінің құнының жоғары болуы айтылуда. Яғни, резервтердің ұлғаюын тек жаңа қаржы түсімі ретінде қабылдауға болмайды екен. Оның едәуір бөлігі активтердің нарықтық бағасының өзгеруіне байланысты бағаланады.
Ұлттық Банктің мәліметінше, халықаралық резервтер елдің сыртқы төлем қабілетін қамтамасыз етуге, валюта нарығындағы интервенцияларға және ұлттық валютаға деген сенімді сақтауға пайдаланылады. Яғни, халықаралық резервтердің қазіргі деңгейі Қазақстанның сыртқы тұрақтылығы үшін маңызды буфер қалыптастырады. Халықаралық валюта қорының маусымдағы бағалауында да елдің резервтері импорттың шамамен 10 айлық көлемін жабуға жеткілікті деңгейде екені айтылған болатын.
Дегенмен, резервтердің өсуін экономиканың барлық көрсеткіштері бірдей жақсарды деп түсіндіруге болмайды. Резерв құрамындағы алтын үлесінің жоғары болуы оның долларға шаққандағы бағасының әлемдік алтын нарығындағы өзгерістерге тәуелділігін арттырады.
Сондықтан Қазақстанның нақты сыртқы қаржылық тұрақтылығын бағалағанда резервтердің жалпы көлемімен қатар олардың құрылымы, Ұлттық қордың шығыстары және мұнай бағасының динамикасы да ескерілуі тиіс деп пайымдайды Қаржыгелер қауымдастығының сарапшылары.