Қазақстандық боксшы Еркебұлан Тоқтар кәсіпқой рингтегі кезекті жекпе-жегін мерзімінен бұрын аяқтады. Ол 28 тамызда Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде өзбекстандық Бобиржон Исроиловпен жұдырықтасты, деп хабарлайды kznews.kz.
Екінші орта салмақтағы кездесу алғашқы секундтардан-ақ қызу басталды. Бірінші раундта қос боксшы да нокдаунға түсіп үлгерді. Исроилов екі рет шаршы алаң төсенішіне құласа, Тоқтар да бір мәрте нокдаун санын көрді.
Алайда екінші раундта қазақстандық спортшы қарқынын күшейтіп, бастаманы толық өз қолына алды. Тоқтар қарсыласын тағы екі рет нокдаунға түсіріп, шабуылын тоқтатпады.
Кезекті соққылардан кейін Исроилов жекпе-жекті жалғастыра алмай, төреші кездесуді тоқтатты. Нәтижесінде Еркебұлан Тоқтар қарсыласын нокаутпен жеңді.
Осылайша, екі раунд ішінде Бобиржон Исроилов жалпы төрт рет нокдаунға түсті.