Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының қоржыны тағы бір жүлдемен толықты. Таяқ тартудан (маст-рестлинг) сынға түскен Нұрсұлтан Есімбай 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль иеленді, деп хабарлайды kznews.kz.
Осылайша, отандасымыз ұлттық спортты дәріптейтін дүбірлі додада үздіктер қатарынан көрінді. Таяқ тарту спортшыдан күшпен қатар, шапшаңдық пен төзімділікті талап ететін сайыстардың бірі.
Биылғы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанның Ыстықкөл облысында өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге әлемнің 100-ден астам елінен 3 мыңға жуық спортшы қатысып, 43 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынуда.
Қазақстан құрамасы жарыстың алғашқы күндерінен-ақ жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бүгін отандастарымыз аударыспақтан екі алтын медаль жеңіп алды. 63 келіге дейінгі салмақта Нұрталап Керім, ал 70 келіге дейінгі дәрежеде Сайлау Мұхаммеджан қарсыластарын жеңіп, ел қоржынына алғашқы алтындарды салды.
Айта кетейік, Қазақстан үшін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бұған дейін де табысты өткен. 2024 жылы Астанада ұйымдастырылған V ойындарда ұлттық құрама жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болып, 44 алтын, 33 күміс және 37 қола, барлығы 114 медаль жеңіп алған еді.
Енді ел спортшылары Қырғызстандағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да жоғары нәтижені жалғастырып, Қазақстанның ұлттық спорттағы көшбасшылық дәстүрін сақтауға талпынып жатыр.