Қазақстанда медициналық жүйелерді біріктіру арқылы 400 мың ескірген карта жойылды. Нәтижесінде бюджеттің 31 млрд теңгесі сақталып қалды, деп хабарлайды kznews.kz.
Үкіметтің мәліметінше Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты министрліктермен және IT-компаниялармен арнайы кеңес өткізді. Онда денсаулық сақтау саласын цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу мәселелері қаралды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жаңа e-Densaulyq экожүйесіне 21 мыңнан астам ұйым қосылғанын баяндады. Сондай-ақ 221 мың медициналық техника мен 257 мың қызметкердің деректері цифрландырылды. Бақылау күшейгеннен кейін жүйеден 400 мың пациенттің ескірген картасы алынып тасталды. Бұл 1,4 млн рецептіге қатысты деректер болатын. Негізсіз шығындар қысқарып, қателерді анықтау тиімділігі 3,5 есе артты. Сонымен қатар медициналық қызметтерді негізсіз тұтыну 7,1%-ға төмендеп, қосымша 7 млрд теңге үнемделді.
Цифрлық бақылау көптеген заң бұзушылықтың жолын кесті. Тексеріс кезінде лицензиясы жоқ 38 ұйым анықталып, оның 27-сі өз қызметін тоқтатты. Сертификатының мерзімі біткен 2 188 медицина қызметкері жұмыстан уақытша шеттетілді. Ішкі істер органдарымен интеграция жасау арқылы көлік жүргізуге болмайтын азаматтар да анықталып жатыр. Нәтижесінде 10 мың жүргізуші куәлігін қолдану тоқтатылды.
Бұл интеграция өлі адамдарға ем тағайындау сияқты жалған қызметтерді бұғаттайды. Бір дәрігердің бірнеше аймақта қатар жұмыс істеуіне де тосқауыл қойылады. Қазір министрліктің 12 жүйесінің 7-еуі біріктіріліп, дәрігердің қағаз толтыру уақыты 40%-ға қысқарды. Былтырғы 1 шілдеден бастап 2012 жылдан бергі деректер медициналық көмекке ақы төлеу үшін қолданылуда. Азаматтардың бірыңғай цифрлық профилі жасалып, 5,6 млн адам дәрігерге онлайн жазылған. Ал 2027 жылдан бастап скрининг туралы автоматты хабарламалар іске қосылады.
Дәрі-дәрмек саласында 1 млрд-тан астам қаптамаға таңбалау жүргізілді. Бақылауға алынған 3 мың дәрінің ішінде 1 595 препараттың бағасы тұрақты қалды. Бұл жалпы көлемнің 52%-ын құрайды. Ал 800 дәрінің бағасы төмендеп, 42,5 млрд теңге көлемінде үнемделді. Былтыр қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау да басталды.
Вакциналардың сақталуын бақылайтын «Суық тізбек» жобасы 2025 жылы Қарағанды облысында сәтті сынақтан өтті. Температураны қадағалайтын бұл жүйе 1 қазаннан бастап бүкіл елге енгізіледі. Ол 3,5 мыңнан астам нысан мен 800 арнайы көлікті қамтиды. Сонымен қатар дәрігерлерді қорғау үшін смарт-бейнежетондар орнатылып жатыр. Қауіп төнгенде құрылғы сигналды полицияға автоматты түрде жібереді. Жыл соңына дейін Шымкент пен Жамбыл облысында 2,1 мың жедел жәрдем бригадасы және 3,8 мың қызметкер жетонмен қамтылмақ. Ал Астана, Шымкент және Жамбыл ауруханаларында камералар мен SOS батырмалары орнатылуда.
Ауыл тұрғындары үшін телемедицина қолжетімді болды. Жыл басынан бері 2,1 млн-нан астам адам қашықтан көмек алса, оның 39%-ы ауыл тұрғындары. Жоба 655 ауылдық пункт пен 72 қылмыстық-атқару жүйесі мекемесін қамтиды. Қыркүйектен бастап бұл жүйе оқушыларды тексеруге енгізіліп, болашақта 8 мың мектепті қамтымақ. Қазір қашықтан ЭКГ мен экспресс-талдау жасауға болады, алдағы уақытта УДЗ және офтальмоскоп қосылады.
Жасанды интеллектке негізделген телерадиология бүкіл елдегі 400-ден астам мекемені байланыстырады. Ол КТ, МРТ және маммография суреттерін талдап, диагностика уақытын 4 есе қысқартты. Бұл технология патологияны ерте анықтау көрсеткішін 32,2%-ға арттырды. Сондай-ақ емханаларда пациенттерді тәулік бойы жазатын AKYLMED.AI жаңа цифрлық жүйесі іске қосылды. Ол емханаға келушілер санын үш есе азайтты.
«Президент бытыраңқы ақпараттық жүйелерден бас тартып, денсаулық сақтау саласының бірыңғай цифрлық негізін құру бойынша нақты мақсат қойды. Бұл міндетті жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шешімдер мен технологиялардың бар екенін көріп отырмыз. Басталған жұмысты соңына дейін жеткізу маңызды. Барлық жүйелер біріктіріліп, деректер қолжетімді әрі өзекті болуға тиіс. Сондай-ақ тиімді жасанды интеллект шешімдерін бүкіл сала мен өңірлерге кеңінен таратқан жөн. Біз нақты нәтижеге қол жеткізуіміз керек, яғни медициналық қызметтердің сапасын арттырып, шығындарды оңтайландыру және әкімшілік кедергілерді жою қажет. Жаппай цифрландыру жүйені жетілдіруге, сол арқылы азаматтарға көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыра түсуге мүмкіндік береді», – деді Премьер-министр Олжас Бектенов.