«Астана» ФК келесі қарсыласын таныстырды
Елордалық «Астананың» келесі қарсыласы Босния және Герцеговинаның соңғы жылдардағы ең табысты клубтарының бірі «Сараево» болмақ. Бұл туралы клубтың баспасөз-қызметі хабарлады.
Балқан түбегі өкілдерінің еншісінде 3 чемпиондық титул, бір Суперкубок және 12 күміс және қола медальдардың жиынтығы бар.
Дәл қазір «Сараево» ішкі біріншілікте 19 турдан кейін «Железничардан» 5 ұпайға алға шығып, турнирлік кестеде бірінші орында келе жатыр. Команданың үздік сұрмергені Месудин Ахметович. 33 жастағы шабуылшының еншісінде 9 гол және 3 нәтижелі пас бар. Ахметович кезінде талдықорғандық «Жетісу» сапында өнер көрсеткен.
Команданың бас бапкері Хусреф Мусемич. Бұл бапкер «Сараево» футбол клубымен бірге Босния чемпионы атанып, ел Кубогында жеңіске жеткен.
Мусемич шәкірттері Түркияда осыған дейін екі жолдастық кездесу өткізіп үлгерді. Босниялықтар «Напредак» клубын 2:1 есебімен жеңсе, македониялық «Шкупи» ұжымымен 1:1 есебімен тең түсті.
Еске сала кетейік, «Астана» — «Сараево» арасындағы кездесу бүгін, яғни 11 ақпан күні Астана уақытымен 20:00-ге жоспарланған.
Дереккөз: prosports.kz/kz