«Сатаев сценарийді әйеліне жаздырып, миллиондап қаламақы төледі» – Талғат Теменов
Мұндай шулы мәлімдемені белгілі режиссер, Қазақстанның халық артисі Талғат Теменов Hit-TV арнасының «Менің өмірім» бағдарламасына берген сұхбатында айтты.
Теменовтің айтуынша «Қазақфильм» басшылары өзінің және жақындарының жағдайын көбірек ойлайтын көрінеді.
«Ақан (Сатаев), Жүргеновті бітірген жігіт, әкесін де, шешесін де білемін. Бірақ мына соңғы әйеліне сценарийді жаздырыпты. Қаншама ғұламаларымыз отыр. Соның қасында орысша бітіріп, қазақтың бір ауыз өлеңін жатқа білмейтін, қазақтың бір жазушысының кітабын төл нұсқада оқымаған адамның мұндай дүниеге баруы және оған бірнеше миллион гонорар алуы жантүршігерлік жаңалық болды мен үшін.
Бұл – дұрыс емес. Бұл ұлтты, елді ойламағаны. Қарахан басын ойлаған адам. Мұндай адамдар қазақтың басына күн туса, осында қалып, ел қорғайды, жер қорғайды деп ойламаймын», – дейді Теменов.
Әңгіме Сатаев түсірген «Томирис» фильмінің сценарийіне қатысты. Сұхбатта Теменов «Томириске» жазған сценарийіне Сатаевтың мүлдем қарамағанын айтады.
Есесіне оған сценарий авторы ретінде өз әйелін көрсету арқылы Болат Жандарбеков сияқты ғалымдардың алдында рухани қылмыс жасағанын алға тартады.